Cемей33°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
485.95 565.74 6.83

Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты мен Ұлттық банктің бірлескен оқыту курсында дәріс оқыды

Бүгін, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Астанада Парламент Сенаты мен Ұлттық банктің ақша-кредит саясатына арналған кезекті бірлескен білім беру курсы басталды. Семинардың ашылуында тыңдаушыларға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов дәріс оқыды. Іс-шарада жаһандық және ішкі экономикалық үрдістер мен реформаларға, сондай-ақ, ел макроэкономикасын жаңғыртуға бағытталған заңнамалық міндеттерге мән берілді.

Биыл білім беру курсына қатысушылар саны 80 адамға дейін артты. Бұл Сенаттың Taldau мектебі мен Сарапшылар клубы сияқты жобалар аясында еліміздің сарапшылар қауымдастығының талдау қабілетін шыңдауға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы екенін атап өткен жөн. Ашық форматтағы төрт апталық практикумға Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері мен Taldau мектебінің түлектерінен бөлек, кәсіби біліктілігін арттырып, білімін жетілдіруге ниетті мамандар, оның ішінде ақша-кредит саясаты мәселелерін тұрақты жариялап жүрген журналистер де қатысуда.

Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы бизнес пен әлеуметтік саланың тұрақтылығын айқындайтын ақша-кредит саясатының тиімділігі ішкі және сыртқы факторларды кешенді түрде талдаумен байланысты екенін атап өтті. Ел ішіндегі макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар, сарапшылар өз стратегияларында қақтығыстар, сауда-логистикалық бағыттардың өзгеруі, шикізат және қаржы нарықтарындағы құбылмалылық секілді сыртқы сын-қатерлерді де назарда ұстауы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, білім беру модулі қатысушылардың макроэкономикалық үдерістерді терең талдау және нарықтағы өзгерістерге жауап ретінде білікті шешімдер әзірлеу дағдыларын дамытуға бағытталған.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев макроэкономикалық тұрақтылық пен ақша-кредит саясатының тиімділігі мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Бұл білім беру курсы қатысушыларға жекелеген көрсеткіштерді ғана емес, экономикалық үдерістердің тұтас көрінісін көруге мүмкіндік береді. Инфляциялық тәуекелдердің қалай қалыптасатынын, пайыздық мөлшерлемелер мен валюта бағамына қандай факторлардың әсер ететінін, бюджет саясатының, несиелеудің, инвестициялар мен экономикалық өсімнің өзара байланысын түсінуге жол ашады. Биыл бағдарлама экономикалық талдауда жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерімен де толықтырылды. Мұндай формат шешім қабылдау негіздерінің қалай қалыптасатынын тереңірек түсінуге өз септігін тигізеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Палата Төрағасы семинарды ұйымдастырған Ұлттық банк ұжымына және уақыт бөліп, білімімен ерікті түрде бөлісуге ниет танытқан дәріскерлерге алғыс білдірді.

Алдағы төрт апта ішінде қатысушылар макроэкономиканың негіздерін, оның маңызды көрсеткіштерін, экономикалық модельдерді, төлем балансын, инфляциялық таргеттеу тетіктерін, ақша-кредит және фискалдық саясаттың өзара байланысын жан-жақты зерделейді. Бағдарламаның басты мақсаты – түрлі саладағы сарапшыларға арналған болжамдық модельдеу кезеңі арқылы ақша-кредит саясаты бойынша шешім қабылдау үдерісіне тереңірек мән беру.

Жалпы, биылғы семинарға қатысушылар саны былтырғыдан екі есе көп. Осы орайда, бұған дейін Сенат Парламенті Президент Әкімшілігінің Көлік және логистика бөлімімен бірлесіп, көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға арналған оқыту курсын ұйымдастырғанын айта кеткен абзал. Сонымен қатар Сенат Big Data мен жасанды интеллектіні талдамалық жұмыста қолдануға арналған бірқатар семинар өткізді. Аталған іс-шаралар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, сондай-ақ, басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен ұйымдастырылды. Бұл бастамалар қазақстандық сарапшылар мен салалық мамандардың талдау қабілеттерін шыңдап, білімдерін жетілдіруді көздейді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив