Абай облысы әкімдігінде кеңейтілген аппараттық кеңес өтті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдегі онкологиялық аурулардың алдын алу және санын азайту, сондай-ақ, аймақтағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы алдын алу және диагностикалық іс-шаралардың орындалу барысы қаралды.
Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков пен ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев баяндады.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста бүгінде 9170 онкологиялық науқас диспансерлік есепте тұр. Өңір тұрғындарына онкологиялық көмек 32 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы, 17 онкологиялық кабинет және 145 тексеру кабинеті арқылы көрсетіледі. Мамандандырылған көмек Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығында ұйымдастырылған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 1 644 қатерлі ісікке шалдығу жағдайы тіркелді. Ерте анықталған науқастардың үлесі 34 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда артқан. Ал асқынған жағдайлар мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген.
Биыл скринингтік тексерулерді күшейту, онкологиялық сақтықты арттыру, медицина қызметкерлерін оқыту және заманауи диагностикалық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Соңғы жылдары орталыққа жаңа компьютерлік томограф, сәулелік терапия жүйесі және эндоскопиялық жабдықтар алынып, мамандарды шетелде оқыту қолға алынған. 2024 жылдан бері 30 маман шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырды.
Жиында аймақ басшысы онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтау жұмысының маңызына тоқталды.
«Бұл – тек денсаулық сақтау саласының ғана емес, бүкіл қоғамның, жергілікті атқарушы органдардың және әрбір азаматтың күш-жігерін талап ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Соңғы жылдары облыста онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша тиісті жұмыстар атқарылғанымен, сырқаттану деңгейі әлі де өзекті болып отыр. Әсіресе, ауылдық жерлерде скринингтік тексерумен қамту, тұрғындардың медициналық белсенділігі, салауатты өмір салтын қалыптастыру және алғашқы медициналық көмектің сапасы бойынша жүйелі жұмыстарды күшейту қажет. Мемлекет басшысы халық денсаулығын жақсарту және алдын алу мәселесіне әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижеге бағытталуы тиіс», – деді Берік Уәли.
Күн тәртібіндегі мәселені қорытындылаған облыс әкімі қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіштерін жақсартуды, скринингтік тексерулермен қамтуды арттыруды, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, медицина қызметкерлерін оқытуды жалғастыруды және онкологиялық науқастарды уақтылы диагностикалау мен емдеуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышевтың айтуынша, облыста эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Бүгінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында 2 млн 482 мыңнан астам мал басы тіркелген. 2026 жылдың 26 мамырындағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жоспары аясында 430 мыңнан астам төл есепке алынып, ақпараттық жүйеге енгізілді.
Жыл басынан бері аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында республикалық қордан бөлінген 3,512 млн доза вакцинаның 3,149 млн дозасы егілді. Сонымен қатар 790 мыңнан астам диагностикалық зерттеу жүргізілді. Бруцеллезге қарсы іс-шаралар шеңберінде 776 651 бас ауыл шаруашылығы жануары тексерілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш төмендеп, облыс аумағында бруцеллез бойынша қолайсыз мәртебеге ие елді мекендер тіркелген жоқ.
Облыстың ветеринариялық қызметі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, жануарлар денсаулығын қорғау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Аймақ басшысы тиісті басқарма басшылары мен қала-аудан әкімдеріне ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, вакцинамен қамту мәселесін шешу, ветеринариялық іс-шаралар мен жануарларды бірдейлендіру жұмыстарын сапалы орындау, жабайы жануарлар санын реттеу, елді мекендерде мал жаюды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жануарларының бақылаусыз жүруіне жол бермеу және мал сою пункттерінің тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.










