Cемей31°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
493.15 574.17 6.77

Облыс әкімі Семейдегі абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы жол жөндеу және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарының барысын көрді.

Облыс әкімі әуелі Мичурин көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жоба аясында жол негізін нығайту, асфальтбетон жабындысының төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеу, жол жиектерін бекіту және инженерлік коммуникация құдықтарын ретке келтіру жұмыстары атқарылуда. Қазіргі уақытта ұзындығы 2 жарым шақырымнан асатын көшедегі асфальттың бірінші қабаты төселген. Мұндағы жұмыс маусым айының соңына дейін аяқталады.

«Мичурин көшесінің жолы бойынша тұрғындар тарапынан көп өтініш түсті. Бұл көшенің жолының жиегінде бордюр, жарық бағандары, жаяу жүргіншілер жолы болмаған. Биыл соның бәрі ретке келтіріледі. Қазір жолдың алғашқы жабыны төселді, бордюр орнатылғаннен кейін екінші қабатын салады. Жұмыстың сапалы жасалып, мерзімінде аяқталуын қадағалап отырамыз», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы Северный промузел көшесінен Қарағайлы шағын ауданына дейінгі бағытта салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысын да көрді. Ұзындығы 1,5 шақырым болатын учаскеде жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жоба қалалық бюджет есебінен қаржыландырылған. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған, тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жол және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Семейдің көп көшелерінде бұрын жаяу жүргіншілер жолы мүлде болмаған. Тұрғындар әсіресе көктемде жауын жауғанда су кешіп, батпаққа былғанып жүреді. Сол себепті жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіруге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Былтырғымен салыстырғанда биыл жаяу жүргіншілер жолы екі есе көп жасалынады. Қаланың шет аумақтарына асфальт, орталық көшелеріне тақтатастар (брусчатка) салынады. Жұмыстар жақсы атқарылып жатыр. Осы бағытта жалғастыра беру қажет», – деп аймақ басшысы қала әкіміне тапсырма берді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Шәкәрім даңғылында Дулатов көшесінен Гагарин көшесіне дейінгі аралықта салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысын көрді. Ұзындығы 680 метр болатын учаскеде тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысы үшін заманауи талаптарға сай жаяу жүргіншілер жолы төселуде.

Бұрын көшенің осы аумағындағы ескі жаяу жүргіншілер жолын үнемі су басатын. Қазіргі уақытта жүргіншілер жолы жаңартылып, 20 сантиметрге биіктетілді.

Айта кетейік, былтыр облыс орталығындағы жиырмаға жуық көшеде жаяу жүргіншілер жолы жаңадан салынған болса, биыл 40-қа жуық көшеде жаяу жүргіншілер жолы салынып, жаңартылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив