Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
489.31 568.33 6.63

Сенат жаңа Конституцияны іске асыру аясында заңдар топтамасын мақұлдады

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

«Мақұлданған заңдар жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған түзетулер топтамасын қамтиды. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға мемлекеттік биліктің жаңа институттарын қалыптастыруға және сайлау үдерістерінің рәсімдерін нақтылауға қатысты өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар Прокуратураның инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметі реттеліп, Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттігі беріледі. Ілеспе түзетулер қылмыстық және әкімшілік құқық нормаларын да жаңғыртады. Бұл шаралар кешені конституциялық нормалардың тиімді әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Аталған заңдар арқылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес келтіру мақсатымен заңнамалық актілерге түзетулер енгізілді. Олар жоғары өкілді органның бір палаталы жүйеге көшуіне байланысты өзгерістерді қамтиды. Сонымен қатар аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін жасырын немесе ашық дауыс беру арқылы сайлау бөлігінде мәслихаттардың құзыреті нақтыланды. Сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутат кері шақырылған жағдайда мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібіне қатысты нормалар қарастырылған.

Бұдан бөлек, бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген түзетулерге сәйкес өңірлік деңгейде инвестициялық омбудсмен ретінде облыс прокурорлары мен республикалық маңызы бар қалалар және астана прокурорлары өкілдік ететін болады. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ретінде Бас прокуратура айқындалды.

Сенаторлар 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция нормаларын іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заңды да екі оқылымда қарап, мақұлдады. Атап айтқанда, заңда Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесін құруға байланысты өзгерістер қарастырылған. Осы заңға сәйкес енді азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгінуі кезінде мемлекеттік баж алынбайтынын да айта кеткен жөн.

Сондай-ақ күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қаралды.

«Бұл заңдар арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру саласына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Өзгерістер қызметке орналасу, қызмет өткеру және қызметті тоқтату тәртібін қамтиды. Қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту және еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде де нормалар бар. Бұл түзетулер алдағы уақытта аталған ведомстволардың жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Заңдардың негізгі мақсаты – түрлі сипаттағы дағдарыстық және төтенше жағдайларға күш құрылымдарының ден қою дайындығын қамтамасыз ету және жеделдігін арттыру, террористік және экстремистік материалдарды тасымалдауға және сақтауға тыйым салу, әскери қызметшілер мен күш құрылымдарының қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау негіздерін нақтылау, мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтер тізбесін айқындау, сондай-ақ, мемлекеттік құпияларды қорғау талаптарын қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру.

Сонымен қатар Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады.

«Қаралған заң ғылыми-техникалық саланы жан-жақты қолдауды және ғалымдардың әлеуметтік кепілдіктерін арттыруды көздейді. Осы заң арқылы ғылымды қажет ететін аумақтардың, технопарктер мен ғылыми қалашықтардың құқықтық мәртебесі айқындалды. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының жұмысын жетілдіруге, дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға арналған нормалар бар. Жаңа нормалар мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты іске асыру үшін қолайлы құқықтық негіз қалыптастырады деп сенеміз», – деді Палата Спикері.

Заңда ақау және бекітілген нұсқадан ауытқу салдарынан жол берілген қателер анықталған жағдайда, баспа мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша жергілікті атқарушы органдар сатып алған таралымды өз қаражаты есебінен ауыстыруға міндетті екені көрсетілген. Сонымен қатар ғылым мен технологияны дамытуға қатысты форсайттық (болжамдық) зерттеулерге, жас ғалымға, ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханаға анықтамалар берілді.

Уәкілетті органның ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми зерттеулер мен жұмыстарды орындауға қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыреті кеңейтіледі. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сатып алынған ғылыми жабдықтарды пайдалану, ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар мен академиялық артықшылық орталықтарына қолжетімділік беру қағидаларын әзірлеу және бекіту, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы венчурлік қаржыландыру қағидаларын қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.

Заңнамаға ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен міндеттерін, ғылымды қажетсінетін аумақтардың негізгі қағидаттары мен оларды дамыту тетіктерін, ғылым қалашығының мәртебесін беру тәртібін, оның міндеттерін, қатысушыларын, басқару органдарын және ғылым қалашығына қатысушы ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін жаңа баптар да енгізілді.

Палата отырысында сенатор Бибігүл Жексенбай Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Депутат өз сауалында жоғары кернеулі электр беру желілерінің күзет аймақтарында қауіпсіздік талаптарын бұза отырып, базарлар, қоймалар және автотұрақтар орналастыру азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив