ITMLab 3.0 командалары инклюзивті технологияларды әзірлеу бағдарламасының келесі кезеңіне өтті
«ITeachMe» қоғамдық қоры «Шеврон Еуразия» компаниясы мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ITMLab 3.0 жобасының үшінші маусымы аясында хакатон өткізді. Бұл – әзірлеушілерді, стартаперлерді, студенттерді және инклюзия саласындағы сарапшыларды біріктіріп, нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін бірегей алаң.
Биыл хакатонға қатысу үшін 500-ден астам өтінім келіп түсті. Қатысушылардың географиясы Қазақстанның түрлі қалалары мен өңірлерін қамтыды. Атап айтқанда, Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда және басқа да облыстардан үміткерлер қатысуға ниет білдірді. Іс-шара De Montfort University Kazakhstan алаңында (Алматы қ.) гибридті форматта ұйымдастырылып, Қазақстанның барлық өңірінен дарынды қатысушыларды тартуға мүмкіндік берді.
ITMLab 3.0 инклюзивті стартаптарды дамытуға арналған тұрақты экожүйе қалыптастыруды көздейді. Жоба идея авторларына менторлық қолдау, сараптамалық сүйемелдеу және нақты пайдаланушылармен тестілеу арқылы өз прототиптерін толыққанды жұмыс істейтін MVP деңгейіне дейін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Биылғы маусымда командалар қолжетімді білім беру, коммуникация және навигация салаларындағы жасанды интеллект құралдарынан бастап, медициналық оңалту, скрининг, қауіпсіздік және көру, есту, тірек-қимыл аппараты, сөйлеу қабілеті бұзылған, сондай-ақ когнитивтік ерекшеліктері бар адамдарға арналған ассистивтік технологияларға дейінгі түрлі шешімдерді ұсынды.
Жобаларды бағалау үшін ҚР ЕХӘҚМ, бизнес қауымдастықтың және академиялық ортаның өкілдерінен құралған сарапшылар алқасы құрылды.
Хакатон қорытындысы бойынша жобаның келесі – трекинг кезеңіне өтетін 21 команда анықталды. Алдағы 8 апта бойы қатысушылар трекерлердің жетекшілігімен өз шешімдерін жетілдіріп, оларды нақты пайдаланушылармен тестілеуге дайындайды және прототиптерін әлеуетті инвесторлар мен мемлекеттік сектор өкілдеріне таныстырады. Ең үздік жобалар өз идеяларын іске асыру үшін гранттық қолдау алу мүмкіндігіне ие болады.
«Біз үшін ІТ-әзірлемелердің тек прототип деңгейінде қалып қоймауы маңызды. ITMLab жобасы жас өнертапқыштардың идеяларын мүгедектігі бар адамдардың қоғамға және кәсіби ортаға толыққанды кірігуіне көмектесетін нақты құралдарға айналдыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті жоба ұйымдастырушылары.
Еске сала кетейік, ITMLab жобасының алдыңғы екі маусымы 500-ден астам өнертапқыштарды біріктірді. Бұған дейінгі жылдардың финалистері көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған ақылды көзілдірік, сөйлеуді нақты уақыт режимінде ымдау тіліне аударатын мобильді қосымшалар және жұмысқа орналастыруға арналған мамандандырылған платформалар секілді жобаларды сәтті жүзеге асырды.
ITMLab 3.0 жобасы мемлекет, бизнес және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіре отырып, заманауи технологиялық шешімдерді дамытуға және Қазақстанда инклюзивті орта қалыптастыруға өз үлесін қосуды жалғастыруда.