Сенатта радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуді заңнамалық реттеу мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы», «Қазақстан Республикасының Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, энергетика және атом саласын дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және « Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың таныстырылымы өтті.
Таныстырылым барысында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің өкілдері қатысушыларды радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің кешенді жүйесін қалыптастыруға, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғауға бағытталған заңдардың негізгі ережелерімен таныстырды.
Кездесуде қолданыстағы заңнамада бұл салаға қатысты жекелеген нормалар болғанымен, біртұтас әрі жүйелі құқықтық база қалыптаспағаны атап өтілді. Осыған байланысты заң жобаларында негізгі ұғымдарды, радиоактивті қалдықтардың түрлері мен олардың пайда болу көздерін айқындау, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты бөлу, сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды есепке алу мен бақылаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін енгізу ұсынылады.
Заңнамалық жаңашылдықтардың бірі – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Ұлттық оператор институтын құру. Ол радиоактивті қалдықтарды орталықтандырылған түрде жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, сақтау және көму жұмыстарын жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар өте төмен белсенді радиоактивті қалдықтардың жаңа санатын енгізу көзделіп отыр. Бұл оларға қауіпсіздіктің барабар шараларын қолдануға және саланы реттеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ілеспе түзетулер аясында жер қойнауын пайдалану операцияларын, оның ішінде уран саласындағы қызметті реттеуді жетілдіру, сондай-ақ радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақтылау ұсынылады.
Кездесуге қатысушылар ұсынылған нормаларды талқылап, пікір алмасты және заңдарды Парламентте одан әрі қарау барысында ескерілетін бірқатар ұсынысын жеткізді.