Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
487.17 565.65 6.72

Абай облысында кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мобильді фронт-офис таныстырылды

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Абай облысына жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Берік Уәлимен бірге Семейдегі Арбат алаңында кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мобильді фронт-офисінің жұмысымен танысты.


Аталған жоба Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.


Фронт-офис – шалғай ауыл, қалалардағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында іске қосылған арнайы шағын автобус. Көшпелі топ құрамына «Даму» қорының мамандары, әкімдік, банктер, «Атамекен» ҰКП, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және консалтингтік компания өкілдері кіреді. Олар кәсіпкерлерге «Бәйтерек» холдингінің бизнесті қолдауға арналған барлық мемлекеттік бағдарламалары бойынша толық ақпарат беріп қана қоймай, өтінімдерді тікелей сол жерде қабылдайды.


Мобильді фронт-офисте кәсіпкерлер субсидия, кепілдік, жеңіл несие, микрокаржы, лизинг, экспорттық жобаларды қолдау құралдары, сондай-ақ оқыту, кеңес беру және жобаларды сүйемелдеу сияқты қаржылай емес қолдау шаралары бойынша толық ақпарат алады. Мобильді фронт-офистер 2025 жылы шығарылған, 13 орындық Toyota Hiace маркалы автобус негізінде жабдықталған. Көлік құралдары «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ және «Даму» қорының корпоративтік стилінде брендтеліп, қыс мезгілінде қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін қосымша жабдықтармен, оның ішінде автономды ауа жылытқыштарымен қамтамасыз етілген.


«Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылып жатқан жаңа жұмыс форматы бизнестің жеңіл несие алып, мемлекеттік қолдау шараларына белсенді қатысу деңгейін арттыруды көздейді. Биыл біз «Даму» қорының өңірлік филиалдары жанынан «Бәйтерек» холдингінің «Бірыңғай фронт-офисін» де іске қостық. Жыл басынан бері бізге кәсіпкерлерден шамамен 12 мың өтініш келіп түсті, оның ішінде Абай облысы бойынша 553, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 609 өтінім болды», – деді «Даму» Қоры басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.

Мобильді фронт-офистердің біразы қазір еліміздің 12 өңіріне жетіп үлгерді. Ұлытау, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Ақмола, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері консультация алды.


Серік Жұманғарин мобильді фронт-офис жұмысымен танысып, мемлекеттік қолдаудың әр кәсіпкер үшін қайда тұрып, қай жерде бизнеспен айналысып жатқанына қарамастан қолжетімді болуының маңызын атап өтті.


Сондай-ақ, Серік Жұманғарин өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің көрмесін аралап, жергілікті кәсіпорындардың өнімдерімен және агроөнеркәсіптік кешеннің даму бағыттарымен танысты. Атап айтқанда, «Арай East Food» ЖШС, «Kondiz distribution» ЖШС, «Ай-Ар» ЖШС, «Шығыс Қазақстан ұн - құрама жем комбинаты» АҚ, «Шығыс бройлер» ЖШС, «АДАЛ-АС TRADE» ЖШС, «Сайлаубаев» ЖК, «Қалиқанұлы» ШҚ,  «Матковский» ЖК және «Тамерлан» шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив