Құқық қорғаушылар ма, әлде шетелдік қаржыландыру ма? Депутаттар гранттардың ашықтығын арттыруды ұсынды
Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары елге түсетін шетелдік қаржыландыру туралы жарияланатын ақпарат көлемін кеңейтуді ұсынды. Тиісті депутаттық сауалды Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдады.
Бұған Мемлекеттік кірістер комитетінің шетелдік көздерден қаржыландыру алатын жеке және заңды тұлғалардың жаңартылған тізілімін жариялауы себеп болды. Онда алғаш рет қаржы алушылар ғана емес, бөлінген қаражат көлемі мен оның қайдан түскені туралы мәліметтер де көрсетілген.
Депутаттың айтуынша, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында ғана Қазақстанға шетелдік көздерден 12 млрд теңгеден астам қаржы түскен.
Сонымен қатар депутат қолданыстағы тізілім шетелдік қаржыландыру туралы тек жалпы мәлімет беретінін айтты.
Депутаттар не ұсынады?
Депутаттар жарияланатын мәліметтерді кеңейтуді ұсынады. Атап айтқанда, шетелдік қаражат есебінен іске асырылатын жобалар туралы ақпаратқа нақты жобалар мен бағдарламалар, қаржыландырудың мақсаты мен бағыты, жобаларды жүзеге асыратын ұйымдар мен орындаушылар, бастамаларды іске асыруға қатысатын тұлғалар және жобалардың нәтижелері туралы мәліметтер енгізілуі тиіс.
Депутаттардың пікірінше, бұл қоғамға шетелдік гранттардың қай бағыттарға жұмсалып жатқанын және олардың қандай нәтиже беріп отырғанын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
Ашықтық пен қоғамдық бақылау мәселесі
Депутаттық сауалда шетелдік қаржыландыру тақырыбы бүгінде қоғамның ерекше қызығушылығын тудырып отырғаны айтылған. Өйткені ол медиа, сараптамалық талдау және азаматтық бастамалар саласында жұмыс істейтін ұйымдардың қызметіне қатысты.
Осыған байланысты парламентарийлер Үкіметке шетелдік қаржыландыруды есепке алудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру мүмкіндігін қарастырып, есептілікті кеңейтудің ықтимал тетіктері туралы ақпарат беруді ұсынды.