Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
487.17 565.65 6.72

Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік төрағасының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты іске асыруға арналған есебін тыңдады.

Президентке аталған Жарлықты орындау аясында квазимемлекеттік секторды қысқарту және бәсекелестікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатқаны туралы баяндалды. Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсенің тікелей қатысуымен 2026-2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жоспары бекітілді. Бәсекелестік ортаға берілетін активтердің жиынтық кірісі 3,4 триллион теңгені құрайды.

Мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау нәтижелеріне айрықша назар аударылды. Қабылданған шаралар бір көзден сатып алу үлесін 39 пайыздан 24 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында жалпы бюджет аясындағы бәсекелі сатып алу үлесі 6,2 – 8,1 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Мемлекет басшысына бизнес субъектілерінің тауар нарықтарына кіруіне тосқауыл қоятын кедергілерді жою жұмыстары, маңызды нарықтардағы өнімсіз делдалдардан арылу бойынша қабылданған шаралар, сондай-ақ цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу жөніндегі бастамалар туралы баяндалды.

Марат Омаров бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы заңнамалық түзетулердің алтыншы пакеті бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа тоқталды. Заң жобасында бәсекелестік саясаттың тиімділігін арттыруға, монополияланған нарықтардағы бақылауды күшейтуге, монополияға қарсы реттеуді жетілдіруге және экономиканың мемлекеттік сектордағы үлесін одан әрі қысқартуға бағытталған жеті жүйелі бағыт көзделген.

Кездесу соңында Президент Агенттік төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив