Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
489.39 567.5 6.69

Абай облысында оқу жылын үздік аяқтаған түлектерге құрмет көрсетілді

Бүгін, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семейде мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Бейбітшілік аралында өткен мерекелік шараға облыс әкімі Берік Уәли, ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Алма Шүкіжанова қатысты.

Салтанатты жиын барысында 2025-2026 оқу жылын үздік аяқтаған Семей қаласының 160 түлегіне «Алтын белгі» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ, облыстың білім саласына елеулі үлес қосқан мұғалімдер мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы түлектерді маңызды белеспен құттықтап, алдағы өмір жолында сәттілік тіледі.

«Бүгін біз тек үздік түлектерді ғана емес, туған өлкеміздің көз қуанышы мен мақтанышын ұлықтау үшін жиналып отырмыз. Он бір жыл бойы талмай ізденіп, білім жолында аянбай еңбек етіп, шәкірттік кезеңнің ең биік белесі – «Алтын белгі» төсбелгісін иеленген шәкірттерді шын жүректен құттықтаймын! Бұл марапат – тек сіздердің ғана емес, сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздарыңыздың және әрдайым қолдау көрсеткен ата-аналарыңыздың ортақ жеңісі мен ортақ мерейі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады» деп жастарға үлкен сенім мен биік үміт артып отыр. Сіздер осы үміттің үддесінен шығады деп сенеміз. Қанаттарыңыз талмасын, армандарыңыз асқақ болсын! «Алтын белгілеріңіз» құтты болып, жолдарыңыз әрдайым ашық, болашақтарыңыз жарқын болсын!», – деді Берік Уәли.

Өткен оқу жылында облыс бойынша 362 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, биыл бұл көрсеткіш 432-ге жетті. Биыл өңірде 6065 түлек мектеп бітіріп отыр. Ал олардың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына 12 мыңнан астам мұғалім үлес қосты. Жалпы 2025-2026 оқу жылында Семей қаласындағы 53 мемлекеттік, 8 жекеменшік және 2 мамандырылған мектепті жалпы саны 51 276 оқушы аяқтады. 11-сыныпты бітірген 22854 түлектің 160-сі «Алтын белгі» иегері атанса, 231 түлек мектепті үздік аттестатпен аяқтап отыр.

Облыста дарынды оқушыларға қолдау көрсетіліп келеді. Биыл жоғары оқу орнына түсу үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, өңірдің 200 түлегіне облыс әкімінің гранты бөлінді. Осындай грант былтыр да берілген болатын.

Шара барысында облыстың білім саласына елеулі үлес қосқан мұғалімдерге де құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Семей қаласының №8 жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Әбішева, Жарма ауданының Ақтайлақ би атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Жандильдинова, Бесқарағай ауданының Долон негізгі білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Жанар Омаралина және Семей қаласының №49 жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гульфариза Токтубаева «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, Семей қаласының Бауыржан Момышұлы атындағы № 34 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрлан Жолбарысов пен Абай ауданының Бекбосынов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Бақыт Тілеубайға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Айта кетейік, өткен оқу жылында облыстың 407 оқушысы республикалық және халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысып, 163-і жүлделі орын иеленді. Бұл өңірдегі білім сапасының жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Әсіресе, IT және нақты ғылымдар бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Робототехника бойынша оқушылар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, нәтижесінде облыстың үш бірдей білім ордасы еліміздің «100 үздік олимпиадалық мектебі» қатарына енді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив