Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
487.73 558.99 6.63

«Бюджетті формальды түрде игеруге болмайды, қаражат нақты нәтижелерге бағытталуы керек» – Сенат Төрағасы

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері мен күн тәртібіне шығарылған заңды қарады.

Есептерді талқылау барысында өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық экономиканың өсімі 6,5 пайызды құрағаны атап өтілді. Бұл оң динамика инвестиция көлемінің артуының, іскерлік белсенділіктің жандануының және өңдеу өнеркәсібі секторының нығаюының нәтижесінде қамтамасыз етілгені де назарға алынды. Сонымен қатар сақталып отырған бюджеттік ынталандыру инфляциялық қысымды күшейтіп, халықтың нақты табысының төмендеуіне әсер етті. Осыған байланысты сенаторлар бюджетті жоспарлаудың сапасын арттыру қажет екенін айтып, бірқатар жүйелі мәселеге назар аударды.

«Бүгін біз Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап, талқыладық. Былтыр инвестициялар тарту, іскерлік белсенділіктің артуы және өңдеу секторын дамыту нәтижесінде экономикалық өсім 6,5 пайызды құрады. Сонымен қатар сенаторлар бюджетті жоспарлаудың сапасына, борыштық жүктеменің өсуіне, өңірлердің орталыққа тәуелділігіне, бюджеттен тыс қорлардың қызметіне және басқа да мәселелерге қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Жалпы, Бюджет кодексі Үкіметтің қаржы ресурстарын басқарудағы мүмкіндіктерін кеңейтті. Алайда бюджетке сегіз рет түзету енгізілуі және қаражаттың ауқымды түрде қайта бөлінуі жоспарлау дәлдігінің төмендігін көрсетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджет қаражатын формалды түрде игеру тәжірибесін тоқтату керектігі жөнінде айтқанына назар аударды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев қаржыландыру нақты экономикалық нәтиже беретін және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін жобаларға ғана бағытталуға тиіс екенін тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бюджет қаражатын формалды түрде игеру тәжірибесін тоқтатып, қаржыны азаматтарымызға және ел экономикасына нақты пайда әкелетін жобаларға ғана бағыттауды тапсырды. Бүгінгі талқылау бюджет процесінің сапасын арттыру жоғары жауапкершілікті, атқарушылық тәртіпті және нақты нәтижеге бағдарлануды талап ететінін көрсетті. Сонымен қатар жаңа Салық кодексі мемлекет кірістері мен бизнестің дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіс. Үкімет айтылған барлық ескерту мен ұсыныстарды мұқият зерделеп, оларды іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдайды деп сенеміз», – деп, Палата Төрағасы мазмұнды әрі сындарлы пікір алмасуға қатысқан Үкімет мүшелеріне, Ұлттық Банк пен Жоғары аудиторлық палатаның басшылығына алғыс білдірді.

Отырыста Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов және Жоғары аудиторлық палата Төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады. Палата отырысына сенаторлармен қатар Премьер-министрдің орынбасарлары, министрліктердің, агенттіктердің және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Сенат депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылағаннан кейін Парламент Палаталарының алдағы бірлескен отырысында осы мәселе бойынша Сенат атынан қосымша баяндама жасайтын депутат Нұрлан Бекеновтің кандидатурасын мақұлдады.

Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бірінші оқылымда қаралды. Аталған заң аясындағы түзетулер экология саласын цифрландыруға, климаттық реттеуді дамытуға және экологиялық бақылауды күшейтуге бағытталған. Қабылданатын өзгерістер Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің жұмысын жетілдіруге, экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдаулар өткізу рәсімдерін оңтайландыруға, сондай-ақ, инвестициялық жобалар үшін рұқсат беру тәртібін жеңілдетуге жол ашады. Бұл ретте көмірсутектерді теңізде барлау жұмыстарына қатысты қатаң экологиялық талаптар сақталатынын атап өткен жөн.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив