Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
487.73 558.99 6.63

Абай облысында медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семейде медицина қызметкері күніне арналған салтанатты шара өтті. Абай атындағы кітапханада ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың күнделікті еңбегі мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталғанын атап өтті.

«Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, өз ісіңізге деген адалдықтарыңыз бен жанашырлықтарыңыз мыңдаған адамның өміріне оң өзгеріс әкеліп, азаматтардың медицина саласына деген сенімін нығайтады. Қай уақытта да адам денсаулығын бірінші орынға қойып, күрделі жағдайларда сабыр мен төзімділік танытып келе жатқан еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада өткен медицина қызметкерлерімен кездесуде ұлт саулығы еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық екенін, медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналатынын ерекше атап өтті. Бұл денсаулық сақтау саласының қоғамдағы орны мен маңызын айқын көрсетеді. Адам өмірі мен денсаулығын сақтау – үлкен жауапкершілік пен жоғары біліктілікті талап ететін абыройлы міндет. Мерекелеріңіз құтты болсын. Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді Берік Уәли.

Айта кетейік, бүгін Президент Ақордада еліміздің медицина саласының бірқатар қызметкерлеріне мемлекеттік награда тапсырды. Олардың ішінде жерлесіміз, облыстық перинаталдық орталығы қызметінің басшысы Гүлжазира Дүйсекенова де бар. Білікті маман Президенттің қолынан «Шапағат» медалін алды.

Салтанатты шара барысында облыс дәрігерлеріне лайықты құрмет көрсетілді. Семей қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Ержан Шамшин мен облыстық қан орталығының директоры Айгүл Әлжанова «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласының бірқатар мамандарына Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалі, сондай-ақ, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.

Ерекше атап өтерлігі, салтанатты шара барысында өңірдегі 13 медициналық мекемеге 70 санитарлық автокөліктің кілті табысталды. Жыл басында Семей қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына 10, жақында 20 санитарлық автокөлік берілген болатын. Осылайша өңірдің медициналық ұйымдары 100 жаңа санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етіліп отыр.

Облыста денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Абай облысының 9 ауданында 65 жаңа бастапқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынып, пайдалануға берілді. Мақаншы ауылында күндізгі стационары, зертханасы және әйелдер консультациясы қарастырылған заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Үржар аудандық көпсалалы орталық ауруханасының базасында тері арқылы коронарлық араласулар орталығының қосымша ғимаратының құрылысы басталды. Аягөз аудандық көпбейінді орталық ауруханасында магниттік-резонанстық томограф орналастыруға арналған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталу сатысында.

Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2025 жылы өңірдегі медициналық ұйымдар үшін жалпы құны 6,5 млрд теңгеден асатын 2 996 медициналық жабдық сатып алынды. Оның ішінде 1,8 млрд теңгеге 31 жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдық алынды. Биыл тағы 1,5 млрд теңгеден астам қаржыға 12 бірлік заманауи медициналық жабдық сатып алу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда өңірдің денсаулық сақтау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Семей қаласында 300 төсек-орындық облыстық көпбейінді аурухананың, 200 төсек-орындық облыстық көпбейінді балалар ауруханасының және облыстық қан орталығының жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр.

Жас мамандарға тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Былтыр жоғары оқу орнына түсу үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, өңірдің 200 түлегіне облыс әкімінің гранты бөлінді. Соның 45-і 11 мамандық бойынша медицина саласына берілді. Облыс әкімі биыл осы сала мамандарына берілетін грант саны ұлғайтылатынын айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив