Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
487.73 558.99 6.63

Қазақстан ІІМ есірткі қаупіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейтуде

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен Пәкістандағы жаңа психоактивті заттар мәселесі бойынша сарапшылар тобының өңірлік кездесуі өтті. Іс-шараға есірткі мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылмен айналысатын мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және салалық ведомстволардың өкілдері қатысты.

Кездесуге Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Есірткімен күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның, Есірткіні бақылау жөніндегі халықаралық комитеттің, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Пәкістан делегацияларының өкілдері қатысты.

Кездесуде Ұлттық ведомствоаралық "Таргетинг орталығы" таныстырылды. Орталық прекурсорлар айналымын бақылауды жетілдірумен, күмәнді операцияларды анықтаумен, қос мақсатта қолданылатын химиялық заттарды пайдаланатын компаниялардың қызметін мониторингтеумен және халықаралық ақпарат алмасуды дамытумен айналысады.

Іс-шараға қатысушылар өңірдегі қазіргі есірткі жағдайын, синтетикалық есірткілер мен жаңа психоактивті заттардың таралуына қатысты қауіптерді, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту шараларын талқылады.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Елдар Әбдікенов есірткі қылмысының өзгеріп жатқан жағдайында халықаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

- Бүгінде есірткі қатері шекара талғамайды. Есірткі қылмысы қарқынды түрде өзгеріп, цифрлық технологияларды, мессенджерлерді, криптовалюталарды, DarkNet мүмкіндіктерін және халықаралық жеткізу арналарын белсенді пайдалануда. Мұндай жағдайда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие, – деді ол.

Кездесуде жаңа психоактивті заттар мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, ЖПЗ жоғары уыттылығымен және тәуелділікті тез қалыптастыруымен ерекшеленеді. Олардың химиялық құрылымының үнемі өзгеріп отыруы анықтау мен заңнамалық реттеуді қиындатып қана қоймай, улану жағдайларында медициналық көмек көрсетуді де күрделендіреді.

Іс-шара барысында Қазақстан ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы күрес саласындағы жұмысының нәтижелері айтылды. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 2,7 тонна есірткі және 12 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Үш мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды. Егер өткен жылы 14 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылса, биылдың өзінде алты ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде екі трансұлттық топтың әрекеті әшкереленді. Сондай-ақ төрт шетел азаматы ұсталып, олардан 110 келі мефедрон тәркіленген.

Психотроптық заттардың айналымын бақылауды күшейту мақсатында "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның нәтижесінде биыл 775 заң бұзушылық анықталып, төрт қылмыстық іс қозғалды.

Жедел қызметпен қатар министрлік есірткі қылмыстарын анықтау мен жолын кесуге арналған заманауи техникалық құралдарды белсенді енгізуде, сондай-ақ есірткі айналымына қатысты қылмыстар үшін сотталған азаматтарды оңалту және қайта әлеуметтендіру шараларын жүзеге асыруда. Алдын алу жұмыстарында еліміздің әртүрлі өңірлерінде жұмыс істейтін есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алудың 25 кеңесі маңызды рөл атқарады. Әсіресе жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғауға және интернет кеңістігіндегі есірткі қылмысына қарсы күреске ерекше көңіл бөлінуде.

Қазақстан есірткі қатерлеріне қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жалғастырып, өзара іс-қимылды нығайтып келеді.

Кездесуге қатысушылар жаңа психоактивті заттардың таралуына және есірткінің заңсыз айналымына қарсы тиімді күрес тек мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және құқық қорғау құрылымдарының бірлескен күш-жігері арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив