Сенатта рейтинг нарығын дамыту және қаржы саласын цифрландыру туралы заңдар талқыланды
Сенатта Сергей Карплюктың төрағалық етуімен Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын жетілдіру және цифрландыру, банкроттық, сондай-ақ мемлекеттік органдарды бағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қаралды. Талқылауға Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк, Қаржы министрлігі, Жоғары аудиторлық палата, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты.
«Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» заң Қазақстандағы кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеудің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған. Құжат олардың мәртебесін, жұмыс шарттарын, тәуелсіздік, ашықтық пен есептілікке қойылатын талаптарды белгілейді. Сондай-ақ рейтинг агенттіктерінің қызметін мемлекеттік реттеу және қадағалау тетігін енгізу, отандық рейтинг нарығын дамыту және қазақстандық компанияларға сапалы рейтинг қызметіне қолжетімділікті арттыруға жағдайлар жасау көзделіп отыр.
Екінші заң қаржы нарығын реттеуді жетілдіру, цифрлық технология мен жасанды интеллекті енгізу, киберқауіпсіздік деңгейін арттыру, төлем қызметтерін дамыту және қаржы секторында бәсекелестікті күшейтуге арналған. Одан басқа, құжатта оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік аудит тетіктерін жаңғырту және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау жөніндегі нормалар қамтылған.
Отырысқа қатысушылар талқылау барысында еліміздің қаржы жүйесін одан әрі дамытуға, қаржы процестерінің ашықтығын арттыруға және бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған заңнамалық жаңалықтарды қарады.