Министрлік туралы Комитеттер Қызметі Құжаттар Баспасөз орталығы Байланыс ақпараты Cardiff University Kazakhstan алғашқы оқу жылын табысты аяқтады
Астанада орналасқан британдық жетекші зерттеу университеті Cardiff University-дің алғашқы халықаралық филиалы – Cardiff University Kazakhstan өзінің алғашқы академиялық жылын табысты қорытындылап, үздік жетістіктерге арналған салтанатты марапаттау рәсімін өткізді.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксворти, Cardiff University президенті және вице-канцлері профессор Венди Ларнер, Cardiff University Kazakhstan провосты және басқарма төрағасы доктор Рональд Воогдт, QCEF қорының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Салтанатты рәсім барысында министр Саясат Нұрбек алғашқы оқу жылының нәтижелеріне жоғары баға беріп, Cardiff University-мен қалыптасқан нәтижелі ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Ол университеттің ғасырлық дәстүрі мен жоғары академиялық беделі Қазақстандағы филиалдың тұрақты дамуына және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға берік негіз қалайтынын айтты.
Өз сөзінде профессор Венди Ларнер Қазақстандағы филиал жұмысының алғашқы жылының қорытындыларына тоқталып, университеттің елдегі ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті дамытуға бейілді екенін атап өтті. Оның айтуынша, Cardiff University Kazakhstan жоғары сапалы білім мен ғылыми зерттеулерге негізделген, болашақ ұрпақтың сұранысына жауап беретін және өңірдегі жетекші инновациялық білім беру орталықтарының біріне айналуды мақсат етеді.
Сонымен қатар профессор Венди Ларнер Cardiff University-дің алғашқы халықаралық кампусы ретінде Қазақстанның таңдалуы елдің жоғары білім мен ғылымды дамытудағы әлеуетіне, Үкіметтің стратегиялық ұстанымына және жергілікті серіктестермен қалыптасқан өзара сенім мен ортақ құндылықтарға негізделгенін жеткізді.
Марапаттау рәсімі аясында Cardiff University Kazakhstan-ның дамуына қосқан үлесі және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға көрсеткен қолдауы үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі мен Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісіне алғыс хаттар табысталды.
Өз кезегінде Салли Аксворти ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Cardiff University және Ұлыбритания Елшілігі арасындағы тиімді серіктестік Қазақстандағы сапалы жоғары білімді дамытуға және халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Марапаттау рәсімі Cardiff University Kazakhstan үшін маңызды кезеңдердің бірі болды. Іс-шара университеттің серіктестері мен академиялық қауымдастығын Орталық Азиядағы Russell Group құрамына кіретін алғашқы университетті қалыптастыру және өңірде халықаралық деңгейдегі білім беру мен ғылымды дамыту жолындағы ортақ мақсатқа жұмылдыра түскенін айқын көрсетті.
Cardiff University Kazakhstan-ның алғашқы оқу жылын сәтті аяқтауы – Қазақстанның жоғары білім беру кеңістігін интернационалдандыру және әлемдік деңгейдегі жетекші университеттермен стратегиялық серіктестікті нығайту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Университет алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту және өңірдегі инновациялық экожүйені қалыптастыру ісіне өз үлесін қоса бермек.