Мәулен Әшімбаев Польша Парламенті Сенатының Маршалымен кездесті
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Польша Республикасы Парламенті Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскаямен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты және парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың келешегін талқылады.
Мәулен Әшімбаев Маршалдың сапары Қазақстан мен Польша екіжақты қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделі екенін көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы өзара байланысты парламентаралық деңгейде және халықаралық ұйымдар аясында арттырудың маңызды екеніне тоқталды.
«Польша – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктестерінің бірі. Біздің елдеріміздің қарым-қатынасы өзара сенім мен сындарлы ынтымақтастыққа табан тірейді. Саяси диалог жолға қойылып, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс дәйекті түрде дамып келеді. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та кеңеюде. Жоғары деңгейдегі, яғни мемлекет басшыларының кездесулері мен сыртқы саяси ведомстволар арасындағы байланыс тұрақты түрде жалғасып келеді. Екі ел Парламенттері арасындағы қарым-қатынас та қарқынды дамуда», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға назар аударды. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды жаңғыртулардың жүйелі жалғасы саналған конституциялық реформаның маңызды міндеттеріне баса мән берілді. Мәулен Әшімбаев аталған бағыт әділеттілік, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 15 наурызда жаңа Конституция қабылдау жөнінде республикалық референдум өтті. Конституциялық реформаның негізгі мәні – мемлекеттілікті, тәуелсіздік пен егемендікті нығайту. Бұл қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында айрықша маңызға ие. Реформа аясында азаматтардың әл-ауқатын арттыру, адам капиталын нығайту, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау сияқты еліміздің ұзақмерзімді дамуының негізгі басымдықтары нақты айқындалды. Алғаш рет Ата Заңның құрылымы адамды және оның жан-жақты дамуын басты құндылық ретінде белгілеп, қалыптастырылды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейтін бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін де талқылады.
Өз кезегінде Малгожата Кидава-Блоньская қонақжайлық пен мазмұнды кездесу үшін Мәулен Әшімбаевқа ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Айта кетейік, Польша Сенаты Маршалының сапары аясында жоғары деңгейдегі кездесулер, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен жүздесу және поляктардың Қазақстанға депортацияланғанына 90 жыл толуына арналған еске алу іс-шараларына қатысу жоспарланған.