Cемей25°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
487.73 558.99 6.63

Қазақстанның аграрлық ғылым саласында 34 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда

Бүгін, 17:52 018.kz

Алматы қаласында көрнекті ғалым, академик Ғани Қалиевтің рухына арналған «Қазақстанның аграрлық ғылымын және агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми қамтамасыз етуді дамыту: теория, әдіснама, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Оған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «ҰАҒБО» мекемесі өкілдері, Қазақстанның Ұлттық аграрлық ғылым академиясы, жетекші ғалым-экономистер, салалық ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген шетелдік әріптестер қатысты.

Пленарлық және секциялық отырыстар барысында қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми қамтамасыз етуді дамытудың негізгі стратегиялық басымдықтарын талқылады. Атап айтқанда, ауылдық аумақтарды дамыту және кооперацияны жетілдіру, ауыл шаруашылығы дақылдарының құрғақшылыққа төзімді сұрыптарын шығару, мал шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында жер және су ресурстарын тиімді басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Вице-министр академик Ғани Қалиевтің жер қатынастарын дамытуға, аграрлық секторды мемлекеттік реттеу тетіктерін қалыптастыруға, сондай-ақ Қазақстандағы аграрлық экономистердің ғылыми мектебін дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. Сонымен қатар, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңда көрініс тапқан тәсілдерді әзірлеуге және тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық аграрлық ғылым академиясын құруға қосқан үлесі ерекше аталып өтті.

«Бүгінде аграрлық ғылым аталған саланың тұрақты дамуының негізгі факторы. Климаттың өзгеруі, су ресурстарының тапшылығы, еңбек өнімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі жағдайында ғылыми сүйемелдеу агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігінің басты негізіне айналып отыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің айтуынша, отандық аграрлық ғылым тұрақты нәтижеге қол жеткізді. Жоғары өнімді әрі құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптары жасалуда, дәлме-дәл егіншілік пен цифрлық мониторинг элементтері енгізілуде, мал шаруашылығы, биотехнология салаларындағы заманауи технологиялар, сондай-ақ су және жер ресурстарын ұтымды пайдалануға арналған шешімдер қолға алынуда.

Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылымды дамытуға дәйекті түрде қолдау көрсетіп, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге қолайлы жағдай жасауда.

2024–2026 жылдары бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жыл сайынғы көлемі 9,6 млрд теңгені құрайтын 34 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары мен будандары жасалып, мал шаруашылығындағы технологиялар жетілдіріледі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында инновациялық шешімдер әзірленеді және ғылыми әзірлемелер өндірісте кеңінен қолданылады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта Министрлік 2027–2029 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі ғылыми-техникалық міндеттерді қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде. Аталған құжаттар келісу кезеңінде тұр.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар қорытынды қарар қабылдады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив