Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында мәдениет үйі ашылды
Бүгін Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстанның Халық әртісі, күйші Секен Тұрысбек қатысты.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған нысанның жалпы ауданы 1 356,8 шаршы метрді құрайды. Екі қабатты заманауи ғимаратта 100 орындық көрермен залы, кітапхана, домбыра, ән және би үйірмелеріне арналған кабинеттер, шығармашылық бөлмелер, әкімшілік кабинеттер және әртістерге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.
Сонымен қатар ғимарат мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктеріне толық бейімделіп салынған. Жаңа мәдениет үйі ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, өнерге баулуға, ұлттық мәдениетті дәріптеуге және ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қызмет етпек.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа ғимарат ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететінін атап өтті.
Мәдениет үйінің ашылуы аясында жаңа ғимаратта күйші-композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Секен Тұрысбектің шығармашылық кеші өтті. Кеште Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары да өнер көрсетті. Шара соңында облыс әкімі Секен Тұрысбекті шығармашылық кешінің табысты өтуімен құттықтап, күйші басқаратын Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясына автобус сертификатын сыйға тартты.










