Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қаралды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі және «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «Отбасы банк» АҚ Абай облысы бойынша филиалының директоры Равиль Сәбитов пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Өңірде тұрғын үйді есепке қою, кезекті жүргізу және баспананы бөлу жұмыстары «Өркен» цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жүйе тұрғын үйді бөлудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етіп, адам факторын азайтады.
Облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы айларда бұл бағыттағы көрсеткіш айтарлықтай жақсарған. Бұған дейін түгендеуден өтпеген азаматтар саны 7 617 адам болса, бүгінде бұл көрсеткіш 3 128 адамға дейін азайған. Яғни, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 4 489 азаматтың мәліметтері жаңартылды. 2026 жылғы 19 маусымдағы жағдай бойынша Абай облысында тұрғын үй кезегінде 33 910 азамат тіркелген. Оның ішінде 10 998 адам аудандарда тұрады.
Сонымен қатар өңірде жалға берілетін тұрғын үйлерді бөлу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде мемлекеттік қолдау шаралары аясында ұсынылған 1 086 пәтердің 566-сы бөлініп, жергілікті атқарушы органдарға жолданған. Әсіресе Семей қаласында тұрғын үйді бөлу қарқыны жоғары. Мұнда ұсынылған 327 пәтердің 314-і азаматтарға берілді.
Кеңесте Жаңасемей ауданында тұрғын үйді бөлу мерзімін қысқартуға бағытталған пилоттық жобаның іске қосылғаны айтылды. Жоба нәтижелі болған жағдайда бұл тәжірибе облыстың басқа аудан-қалаларында да қолданылатын болады.
Аймақ басшысы тұрғын үй мәселесі халық үшін ең маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі екенін атап өтті.
Облыс әкімі кеңес қорытындысы бойынша аудан және қала әкімдеріне тұрғын үй кезегіндегі түгендеуден өтпеген азаматтармен жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалына халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, ал облыстық құрылыс басқармасына тұрғын үйлер құрылысының жоспарға сай әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды жүктеді. Тұрғын үй кезегін қысқарту және азаматтарды нақты баспанамен қамтамасыз ету жұмысының тиімділігіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.










