Бурабайда «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны жалауын көтерді
Ақмола облысында «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өз жұмысын бастады. Биылғы ауқымды іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 1000-ға жуық жас патриот қатысып жатыр.
53 команда бақ сынап жатқан жарыстар Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» оқу полигоны базасында ұйымдастырылуда. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жарысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков «Айбын» жиынының маңыздылығына тоқталды.
– Халықаралық «Айбын» жиыны – әртүрлі мемлекеттердің жастары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын, отансүйгіштік рухты қалыптастыратын, көшбасшылық қабілеттерді дамытып, әскери дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелейтін бірегей алаң. Бұл жиын әрбір қатысушы үшін жаңа тәжірибе, жаңа таныстықтар мен үлкен жетістіктерге бастайтын маңызды қадам болады деп сенемін, – деді ол.
Ашылу күні қонақтар мен жас қатысушылар заманауи әскери техника және атыс қаруларының үлгілерімен танысып, олардың техникалық және жауынгерлік мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар «Жас сарбаз – Конституция қорғаушысы» атты зияткерлік ойынын өткізді. Аталған шара барысында әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасының Конституциясы, құқықтық мемлекеттің қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы білімдерін көрсетті.
Зияткерлік сайыс жастардың елдің басты заңына деген құрметін арттырып, мемлекеттік құрылым негіздері мен азаматтық жауапкершілік ұғымдарын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Жарыстар шетелдік командалар, өңірлердің әскери-патриоттық клубтары, күштік құрылымдар және әскери оқу орындарының командалары арасында төрт бағыт бойынша өтетінін айта кету керек.
Бүгінгі сайыс бағдарламасында қатысушылар дене дайындығы бойынша өз мүмкіндіктерін сынайды. Ұлдар белтемірге тартылу жаттығуын орындаса, қыздар шалқасынан жатқан қалыпта денені көтеру нормативін тапсырады. Сондай-ақ «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны мен Smart Sarbaz робототехника жарыстары ұйымдастырылады.