Сенат жанындағы Алматы Талдау мектебінде оқу курсы аяқталды
Бүгін Алматыда «Талдау мектебі. Алматы» жобасының қорытынды дәрісі болды. Оған ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов қатысты. Жобаға қатысқан 70-ке жуық түлек сегіз апта ішінде урбанистика мен экологиядан туризмге, цифрлық экономикаға және креативті индустрияға дейінгі деректерді талдау саласындағы дағдыларын күшейтіп, жаңа білім алды.
Сенат Төрағасының орынбасары курс тыңдаушыларының алдында сөз сөйледі және осы жоба еліміздің сараптама-талдау әлеуетін нығайту мен жаңғыртудағы стратегиялық рөліне назар аударды. Ол қарқынды жаһандану дәуірінде алдыңғы қатардағы цифрлық технологиямен үйлесім тапқан сапалы талдау экономиканы, бизнес-ортаны және мемлекеттік басқаруды трансформациялаудың драйвері екенін ерекше атап өтті. Жақып Асановтың айтуынша, қатысушылар оқу барысында игерген маңызды құзыреттер Қазақстанның игілігі үшін байыпты, икемді және өте тиімді шешімдерді әзірлеуде сенімді іргетас болуы тиіс.
«Бүгін ерекше күн – біз «Талдау мектебі. Алматы» жобасын қорытындылайтын боламыз. Бес жыл бұрын Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев осы маңызды бастаманы қолдап, іске қосқан болатын. Оқу курсы осы уақыт ішінде барлық негізгі салаларды қамтитын және елімізге дарынды, жасампаз, белсенді және жарқын жүзді мамандарды іріктеген ауқымды жобаға айналды. Жоба өткен жылы Қарағандыда, биыл Алматыда жалғасын тапты. Осы уақытта жобаға 800-ден астам адам қатысты. Оқу қорытындысы бойынша сіздер елімізге нақты, жұмыс істейтін шешімдерді ұсынуға дайын екендеріңізді көрсеттіңіздер. Мұнда дәріс оқыған Президент Әкімшілігінің, бизнес-құрылымдар және шетелдік институттардың өкілдерімен қоса ғалымдар мен білікті IT-мамандар қатысушыларға теорияны нақты іске айналдыруға көмектесті. Пәндер арасындағы қауымдастық қазақстандық мамандардың талдамалық әлеуетін ашу және мемлекетіміздің болашағын айқындайтын идеяларды әзірлеуде ерекше платформаға айналды», - деді Жақып Асанов кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.
Сенат Төрағасының орынбасары өз дәрісі барысында жұмыс барысын құрылымдау және өлшемді нәтижелерге – KPI – қол жеткізудің тиімді әдістемелеріне егжей-тегжейлі талдау жасады. Вице-спикер кез-келген салаға – мемлекеттік сектордан бастап бизнеске дейін бейімделе алатын жобалық басқарудың әмбебап құралдарын ұсынды. Сенатор өз тәжірибесінен мысалға келтіре отырып, жүйелік тәсіл ұйымдарды терең дағдарыстан тез шығаруға, бей-берекет істі құрылымдық жүйеге тиімді түрлендіру мен ашық, автоматтандырылған жұмыс тізбектерін қалай құруға көмектесетінін көрсетті.
Ол сондай-ақ мектеп түлектері Қазақстандағы талдау ісінің дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді, ал жоба тек білім беру курсы ғана емес, сонымен қатар кәсіби сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру алаңы болатынын айтты.
Оқу курсы мен тәжірибелік семинарлардың сегіз аптасы ішінде бағдарлама бойынша өз салаларында тәжірибесі мол танымал халықаралық және қазақстандық сарапшылар дәріс оқыды. Олардың қатарында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, LSE Cities бағдарламасының атқарушы директоры, Лондон экономика мектебінің мемлекеттік саясат мектебінің жетекші ғылыми қызметкері және доценті доктор Филипп Родэ, белгілі қазақстандық экономист, талдаушы Айдархан Құсайынов, қазақстандық саясаттанушы және тарихшы Данияр Әшімбаев, кәсіпкер, қоғам қайраткері, inDrive халықаралық сервисінің негізін қалаушы Арсен Томский, Sergek Group IT компаниялар тобының негізін қалаушы Қайрат Ахметов, «Стратегия» ҚҚ президенті Гүлмира Илеуова және басқа да сарапшылар бар.
Бағдарлама аясында қатысушылар деректерді жинау мен талдаудың қолданбалы әдістерін игерді, сондай-ақ қалалық басқару органдарына ұсыныс жасалған талдау материалдарын әзірледі. Алматыдағы «Data – Driven City: қаланың тұрақты дамуы» курсының тақырыбы деректер, заманауи технология және пәнаралық талдау негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға өзекті сұранысты көрсетіп отыр. Атап айтқанда, оқыту «Мегаполисті ақылды басқару», «Креативті экономика және мәдени стратегия», «Туризм және халықаралық позициялау», «Урбанистика және кеңістіктік даму», «Экология және қалалық ортаның орнықты дамуы», «Цифрлық экономика және инновациялық жүйелер», «Әріптестік арқылы орнықты даму» сияқты бағыттар бойынша өтті.
Жобаға қатысушылар соңғы күні өздерінің талдамалық баяндамаларын таныстырды, ең үздіктерін сала сарапшылары атап өтті. Тақырып қала ортасының сапасын арттыруды, болашақ экономикасын дамытуды, мәдени стратегия мен халықаралық брендті қалыптастыруды және Алматының Орталық Азияның жетекші қаласы ретіндегі рөлін нығайтумен қоса ауқымды өзекті мәселелерді қамтыды. Қорытынды материалдар материалдар жинағында жарияланып, депутаттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға сараптамалық ұсыным ретінде берілетін болады.