Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай28°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
487.01 557.87 6.59

Олжас Бектенов Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен АӨК, өнеркәсіп, цифрландыру және автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Қытайдағы «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумының 17-ші жыл сайынғы кездесуі аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов өнеркәсіп пен цифрландыру саласында жетекші орындарға ие қытайлық ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді. Олардың ішінде, Yulin Irrigation бас директоры Ци Юбо, Xiamen Wanli Stone директорлар кеңесінің төрағасы Ху Цзиньпэй, SuperX AI Technology Limited директорлар кеңесінің төрағасы әрі CEO Хуан Чэньхун, Jinyi Holding Group директорлар кеңесінің төрағасы  Цзинь Пэн, Guangzhou Automobile Group директорлар кеңесінің төрағасы Фэн Синья, CATL компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Цэн Юйцюн, CISDI Engineering вице-президенті Юн Лю бар.

Қазақстан үшін басым салаларда – АӨК, өнеркәсіп, көмір химиясы, автомобиль жасау және дата-орталықтар құруда жаңа шетелдік жобаларды іске қосу перспективаларына назар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттер шеңберінде шетел инвестицияларын тарту, өндірістерді локализациялау және технологиялар трансфертінің мүмкіндіктері қаралды.

Yulin Irrigation компаниясының бас директоры Ци Юбомен кездесуде Қазақстанда заманауи ирригациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды, оның ішінде Қызылорда облысында ирригациялық жабдықтарды құрастыру жобасы да бар. Су ресурстарын ұтымды пайдалану және ирригациялық инфрақұрылымды дамыту – Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз заманауи суару технологияларын енгізу арқылы аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға мүдделі. Yulin Irrigation – қазіргі заманғы суару жүйелерін әзірлеуге, өндіруге, енгізуге және сервистік қолдауға маманданған ҚХР-дағы ирригациялық жабдықтарды жетекші өндірушілердің бірі.

Xiamen Wanli Stone директорлар кеңесінің төрағасы Ху Цзиньпэймен көмір химиясы, металлургия және минералды шикізатты терең өңдеудегі ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Жобада көмірді жартылай кокс, сутегі және жоғары сапалы мұнай өнімдеріне айналдыратын, сондай-ақ молибден, германий және рений сияқты сирек металдарды терең өңдейтін қосылған құны жоғары «көмір–электр энергиясы–химия–металлургия» интеграцияланған тізбегін құру көзделген.

SuperX AI Technology Limited директорлар кеңесінің төрағасы әрі CEO Хуан Чэньхунмен Қазақстанда заманауи деректер орталықтарын құру жоспары талқыланды.

Компания ЖИ-инфрақұрылымдарға және жоғары тығыздықтағы деректерді өңдеу орталықтарына арналған шешімдерді дамытумен айналысады әрі Қазақстанда 2026-2029 жылдары кезең-кезеңімен іске қосылатын, қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін AI Data Center кластерін құруға мүдделі. ЖИ-кампус салу, энергиямен жабдықтауды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтары үшін серверлік жабдықтар мен технологиялық шешімдерді жеткізіп беру көзделіп отыр.

Экономиканың барлық секторларына жасанды интеллектіні енгізу және цифрландыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Сондай-ақ Президенттің Жарлығымен еліміздің технологиялық дамуының жаңа басымдықтарын айқындайтын 2029 жылға дейінгі «Цифрлық Қазақстан» жалпыұлттық стратегиясы бекітілді. Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр ұсынысты егжей-тегжейлі зерделеу және инвестормен өзара іс-қимылды үйлестіру үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.

Jinyi Holding Group директорлар кеңесінің төрағасы Цзинь Пэнмен арнайы индустриалды аймақ құру және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Холдинг өнеркәсіптік инвестициялар, логистика және жаңа энергетика саласында жұмыс істейді. Jinyi Holding Group Қазақстанда екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда, олар  – Ақтөбедегі «жасыл» мыс өнеркәсібі зауыты және Батыс Қазақстан облысындағы индустриялық-логистикалық хаб.

Ақтөбе облысында шетелдік өндірушілерді жедел локализациялау үшін дайын инженерлік инфрақұрылымы бар ірі индустриялық-логистикалық паркін құру бастамасы бөлек талқыланды. Терең өңдеуді және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ықпал ететін жоғары қосылған құны бар дайын өнімді шығаруға бағытталған өндіріске баса назар аударылды.

Guangzhou Automobile Group директорлар кеңесінің төрағасы Фэн Синьямен кездесуге Қазақстанда автомобиль өндірісін локализациялау перспективалары арқау болды. GAC компаниясы – Fortune Global 500 рейтингіне кіретін Қытайдың ірі автомобиль өндірушісі. 

Жобаны жүзеге асыру GAC автомобильдерін Қазақстан нарығына дистрибуциялаудан жергілікті өндіріске көшуге мүмкіндік береді. 2026-2028 жылдары іштен жану қозғалтқыштары мен гибридті күштік қондырғылары бар модельдерді қоса алғанда, 17 мың машина шығару жоспарлануда.

Қазақстан үшін аккумуляторлық батареялар мен энергия жинақтау жүйелерінің жаңа технологиялық өндірісін құру мүмкіндіктері CATL компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Цэн Юйцюнмен талқыланды. 

Шикізатты қайта өңдеуден бастап дайын аккумуляторларды, энергияны сақтау жүйелерін шығаруға, сондай-ақ пайдаланылған батареяларды кәдеге жаратуға дейін қосылған құны жоғары бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды. CATL – электромобильдер мен энергияны сақтау жүйелеріне арналған әлемдегі ең ірі аккумулятор өндірушісі, ол тартқыш аккумуляторлар нарығында 39,2% жаһандық үлесті алады.

CISDI Engineering вице-президенті Юн Люмен кездесуде отандық металлургияны технологиялық жаңғырту және озық инженерлік шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Қазақстанның металлургиялық әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам болатын шойынды артық күкірттен арылту жөніндегі жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Тараптар сондай-ақ CISDI Engineering компаниясының елімізде жаңа құю-жаймалау кешенін салуға инжинирингтік әріптес ретінде қатысу мүмкіндігін қарастырды. Компания – металлургиялық инжиниринг, ауқымды металлургиялық нысандарды кешенді жобалау және жүзеге асыру саласындағы мойындалған әлемдік көшбасшылардың бірі.

Бизнеспен кездесулер қорытындысында Олжас Бектенов Қазақстан ұзақ уақыт жұмыс істеуге, өндірісті локализациялауға, технологиялар трансферті мен қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған инвесторлар үшін ашық екенін атап өтті. Премьер-министр Қазақстан Қытай компанияларының еліміздің экономикасына инвестиция салуға деген қызығушылығын ұзақмерзімді стратегиялық әріптестіктің негізі ретінде қарастыратынын айтты. Үкімет жобалардың тұрақты жұмыс істеуі және олардың одан әрі кеңеюі үшін қажетті жағдайлар жасауға дайын. Салалық мемлекеттік органдарға және Kazakh Invest ұлттық компаниясына инвестициялық бастамаларды одан әрі сүйемелдеу және оларды жүзеге асырудың практикалық мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив