Қарулы күштердің әскери қызметшілері Солтүстік Американың ең биік шыңына Қазақстан туын тікті
Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің Тау дайындығы орталығының альпинистер тобы Солтүстік Американың ең биік шыңы – Деналиді бағындырды.
6190 метр биіктікте әскери қызметшілер салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Арнайы операциялар күштерінің туын көтерді.
Сәтті аяқталған экспедиция қазақстандық әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығын, төзімділігі мен рух күшін айқын көрсетті. Солтүстік Американың ең биік шыңын бағындыру олардың тамаша дене және психологиялық дайындығымен қатар, олардың отансүйгіштік, ерлік, табандылық қасиеттерін тағы бір паш етті.
Еске сала кетейік, аңызға айналған Денали шыңы Алясканың орталық бөлігінің оңтүстігінде орналасқан және жергілікті ұлттық парк пен қорықтың құрамына кіреді. Денали сөзі үндістердің атабаска тілінен аударғанда «Ұлы» деген мағынаны білдіреді.