Абай облысының БАҚ өкілдері арасында әскери-патриоттық сайыс өтті
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен, сондай-ақ 5511 әскери бөлімі офицерлерінің қолдауымен Семей қаласында «Бір күн Ұлттық ұлан сапында» атты әскери-патриоттық сайыс өтті. Іс-шара «Қарағайлы» ықшам ауданындағы «Арена» спорттық-мәдени көпшілік кешенінің аумағында ұйымдастырылды.
Сайысқа Абай облысындағы 20-дан астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, үш командаға бөлінді. Қатысушыларға әскери қызмет пен құқық қорғау саласының ерекшеліктерін танытуға бағытталған бірқатар тапсырмалар ұсынылды.
Атап айтқанда, олар ауызша сипаттама бойынша жасырынған қылмыскердің бет-бейнесін уақытқа анықтау, саптық дайындық элементтерін меңгеру, әртүрлі кодекстер мен баптар негізінде қылмыстың мән-жайын анықтау және оның бетін ашу сияқты тапсырмаларды орындады.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Найза» командасы иеленсе, екінші орынға «Бүркіт» командасы, ал үшінші орынға «Ұлан» командасы тұрақтады.
Жеңімпаздарды Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Арман Сеитов құттықтады. Сондай-ақ сайыстың бас демеушісі – Kaz Minerals компаниясы атынан жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Аталған іс-шара бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әскери қызметшілер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, әскери-патриоттық тәрбиені дәріптеуге бағытталды.





