Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай28°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
486.19 554.26 6.51

Абай облысында мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті

Бүгін, 18:48 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семей қаласындағы Абай атындағы театрда мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли қатысып, мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы мемлекеттік қызметтің қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді байланысты қамтамасыз ететін маңызды сала екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Мемлекеттік қызметші – ел мен халық арасындағы алтын көпір болуы тиіс». Ел алдындағы парыз бен жауапкершілікті сезіну – нағыз азаматтың белгісі. Қазіргі таңда облысымызда үш жарым мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олар әр салада жанкештілікпен еңбек етіп, өңіріміздің дамуына үлес қосып келеді. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз – ел дамуының негізі, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі істердің бастауы. Кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз арта берсін», – деді Берік Уәли.

Салтанатты шара барысында мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысымен және «Барыс» төсбелгісімен, Абай облысының қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды. Осы салада ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан бірнеше азаматқа «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі берілді. Ерекше атап өтерлігі, алғаш рет мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген бірнеше қызметкердің ата-анасына бала тәрбиесіндегі еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында Абай облысы бойынша «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауының қорытындысы жарияланды. Абай облысының спорт және дене шынықтыру басқармасының бөлім басшысы Байарыстан Башенов байқау жеңімпазы атанды.

Мерекелік шара соңында арнайы концерттік бағдарлама ұсынылып, танымал эстрада әншісі Қанат Үмбетов өнер көрсетті. Сондай-ақ, жас драматург Жәнібек Әлікеннің табиғатты қорғау, азаматтық жауапкершілік пен адалдық құндылықтарын насихаттайтын «Қарағай» драмалық спектаклі сахналанды.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрлық әлеуетті нығайту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Өңірлік кадр резерві. Жоба аясында өңірімізден іріктелген 25 азаматтың 13-і мемлекеттік қызметке тағайындалды.

Сонымен қатар, мемлекеттік грантпен білім алған үздік түлектерді конкурссыз жұмысқа орналастыру тетігі нәтижесінде 40 жас маман мемлекеттік қызмет қатарын толықтырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив