Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай28°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
486.19 554.26 6.51

Заманауи мемлекеттік қызметтің талаптары мен мүмкіндіктері

Бүгін, 16:17 018.kz

Мемлекеттік қызмет – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуіне негіз болатын маңызды сала.  Қазіргі кезеңде мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, оның тиімділігі мен ашықтығын арттыру – кез келген мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі, адалдығы мен жауапкершілігі қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімінің басты кепілі болып табылады. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту бағытында ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету, меритократия қағидаттарын нығайту, азаматтарға бағдарланған мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру – мемлекеттік қызмет саласындағы кадрлық саясаттың басым бағыттары.

Осы тұрғыда мемлекеттік қызмет саласын реттейтін құқықтық базаны жаңарту ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 19 мамыр күні қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң осы бағыттағы реформалардың заңнамалық негізін нығайтып, мемлекеттік аппараттың сапалы дамуына оң серпінін бермек. Заңда қарастырылған өзгерістер Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет қағидаттарына, сондай-ақ кәсібилік, заңдылық, ашықтық, халыққа қызмет ету және меритократия принциптеріне негізделген.

Жаңа заңның басты ерекшеліктерінің бірі – мемлекеттік қызмет жүйесін заманауи талаптарға бейімдеу. Бұл ретте меритократия қағидатын күшейту, яғни мемлекеттік қызметке қабылдау мен қызметтік өсу барысында кәсіби біліктілік пен еңбек нәтижесін басты өлшем ретінде қарастыру көзделеді. Бұл ретте, басшылық емес төменгі лауазымдарды лауазымдық деңгейлерге бөлу арқылы, қызметшінің еңбек өтілін, кәсіби жетістіктері мен тәртібін, сондай-ақ халықтың пікірін ескере отырып, бір лауазым ішінде горизонталды мансаптық өсуге және тиісінше лауазымдық еңбек ақысын ұлғайтуға мүмкіндік беріледі.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметке дарынды және талантты жастарды тарту бағытында да оң өзгерістер күтілуде. Мысалы, жоғары оқу орындарын GPA көрсеткіштері 3,33 және одан жоғары үлгеріммен үздік аяқтаған түлектер үшін басшылық емес мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс орналасу мүмкіндігі берілді. Бұдан бөлек, болашақта кәсіби өмірін мемлекеттік қызметке арнаймын деген мектеп түлектері үшін де арнаулы мемлекеттік тапсырыс әзірлеу арқылы талапты жастарды мемлекет есебінен оқытып, артынша мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдану мүмкіндігі берілмек. Бүгінгі таңда, мемлекеттік қызметке ерте кәсіптік бағдарлау тетіктері заңмен бекітіліп мектеп жастарының бойында мемлекеттік қызмет туралы түсініктерді қалыптастыру мақсатында әр оқу жылы өткізілетін кең ауқымды түрлі шаралар кешені одан әрі күшейтілмек. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі ретінде жақын болашақта мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын халықтың сұранысына толықтай сай келетін кәсіби біліктілігі мен тұлғалық құзіреттері барынша жоғары деңгейде дамыған мектеп жасынан бастап анықталған дарындардың қатарынан жасақтау көзделген.

Өз кезегінде, заңда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру және әдеп нормаларын сақтау тетіктері күшейтілген. Бұл мемлекеттік аппараттағы тәртіп пен сенімділікті нығайтуға ықпал етеді. Цифрландыру үдерістерін енгізу де маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Цифрлық жүйелердің қолданылу аясын қадам-қадаммен кеңейту арқылы бюрократиялық кедергілерді азайтып азаматтарға қолайлы жағдай жасалуда.

Аталған заңның қабылдануы азаматтар үшін мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, олардың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың жұмысы ашық әрі нәтижелі бола түсіп, халық пен билік арасындағы өзара сенім деңгейі артады. Сонымен қатар, мемлекеттік аппараттың кәсібилігі артып, басқарушылық шешімдердің сапасы жақсармақ. Бұл өз кезегінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.

Қорытындылай келе, ағымдағы жылдың 1 шілдесінде қолданысқа енгізілетін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды құралы болып табылады. Ол мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып қана қоймай, заманауи, ашық және жауапты басқару моделін қалыптастыруға негіз болады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив