Олжас Бектенов ЕАДБ кеңесінің отырысын өткізді: банктің 2027-2031 жылдарға арналған даму стратегиясы бекітілді
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуразия даму банкі кеңесінің отырысын өткізді. Жиында банктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары қаралып, 2027-2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы бекітілді.
Олжас Бектенов биыл Еуразия даму банкінің құрылғанына 20 жыл толатынын атап өтіп, банк қызмет еткен жылдары қатысушы мемлекеттердің экономикаларының дамуына елеулі үлес қосқанын, сондай-ақ оның алдағы уақытта да одан әрі серпінді дамуына сенім білдірді. Бүгінде ЕАДБ жеті елді біріктіреді, 2025 жылдың қорытындысы бойынша банктің жинақталған портфелінде жалпы инвестиция көлемі $19,6 млрд болатын 326 жоба, ал банк серіктестері жобаларға тартқан қаражатты қоса есептегенде, экономикаға салынған инвестициялардың жиынтық көлемі $64 млрд-тан асты.
Отырыс барысында ЕАДБ кеңесінің Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген мүшелері сөз сөйледі.
ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов банктің 2025 жылғы қызметінің нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша ЕАДБ инвестицияларының көлемі $2,6 млрд-қа жетті. Қаржыландырудың басым бөлігі энергетика, көлік-логистика және химия өнеркәсібі салаларындағы жобаларға бағытталған. Банктің «жасыл» жобалар портфелі бір жылда 17%-ға өсіп, $1 млрд-ты құрады. Сонымен қатар ЕАДБ-ның Техникалық жәрдем қоры мен Цифрлық бастамалар қоры су ресурстарын үнемдеу, жасанды интеллект технологияларын дамыту ісін жеделдету, АӨК секторын дамыту және басқа да жобаларды жүзеге асыруға $40 млн көлемінде қаржы бөлді.
Банктің қазіргі инвестициялық портфеліндегі Қазақстанның үлесі $4,2 млрд немесе 65%-ды құрайды. Қазіргі таңда банктің қатысуымен елімізде 46 жоба жүзеге асырылуда.
Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі ЕАДБ-ның 2022-2026 жылдарға арналған қолданыстағы стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуы болды. Жыл соңына қарай ЕАДБ-ның 2022-2026 стратегиясы шеңберінде жинақталған инвестициялары жоспарланған $10,9 млрд-тан асып, $12,2 млрд деңгейіне жетеді деп күтілуде. 2022-2026 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына $5,2 млрд бағытталды, бұл көрсеткіш алдыңғы 15 жыл ішінде тартылған инвестиция көлемімен шамалас.
Кеңес отырысында ЕАДБ-ның 2027-2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы бекітілді. Құжатқа сәйкес, көлік-логистика кешенін дамыту, жоғары қайта бөлу өнеркәсібін қаржыландыру және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық капитал тарту басым бағыттар ретінде айқындалды. Жалпы алғанда, Стратегияны жүзеге асыру экономикалық кооперацияны кеңейту, инвестициялық белсенділікті арттыру және Банкке қатысушы мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсіміне ықпал етеді.
Отырыс қорытындысы бойынша ұйымдастырушылық және қаржылық сипатта бірқатар шешім қабылданды. Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қайтадан ЕАДБ кеңесінің төрағасы болып сайланды, төрағаның орынбасары болып ҚР қаржы министрі Мәди Такиев қайта тағайындалды. Сондай-ақ Кеңес 2026 қаржы жылы үшін сыртқы аудитор ретінде KPMG компаниясын бекітті.
Сонымен қатар бүгін Алматыда ЕАДБ-ның 20 жылдығына арналған «Еуразия 2030+: инвестициялар, өсу және жаңа мүмкіндіктер» бизнес-форумы өтуде. Форумға қатысушыларға ЕАДБ директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Премьер-министрінің алғысөзі оқылды.
Алғысөзде қазіргі жағдайда Еуразия нарығының сауданы кеңейту, технологияларды енгізу және өсудің жаңа экономикалық нүктелерін қалыптастыру үшін айтарлықтай әлеуеті бар екендігі атап өтілді. Осыған байланысты ЕАДБ-ның экономикалық ынтымақтастықты нығайтудағы және өңірлік интеграцияны дамытуға ықпал ететін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы ерекше рөлі айтылды. Бұл ретте алдағы жылдары Еуразияның орнықты өсуінің негізі адами капиталға салынған инвестициялар, инновациялар және экономикалардың өзара байланысы болады.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды құруға, заң үстемдігін нығайтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және адами әлеуетті ашуға бағытталған стратегиялық бастамасы инвесторлардың сеніміне, экономиканы жаңғыртуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге берік негіз қалыптастырады. Бүгінде Қазақстанмен ынтымақтастық инвесторлар үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктер ашуда. Шетелдік инвестициялар үшін «ашық есік» саясаты елдің стратегиялық басымдығы болып қала береді. Оның берік негізі меншік құқығының кепілдіктерін, кәсіпкерлік қызмет еркіндігін, адал бәсекелестік пен барлығының заң алдындағы теңдігін бекітетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелері болып саналады. Бұл принциптер инвесторлар үшін маңызды әрі бизнесті жүргізу, инвестицияларды қорғау және ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін жағдайларды дәйекті түрде жақсартуға мүмкіндік береді», — делінген Олжас Бектеновтің алғысөзінде.