Сенатта нотариат қызметі мен заңгерлік көмекті реттейтін жаңа ережелер талқыланды
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері кеңейтілген отырыс өткізіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы және мүдделі ұйымдар қатысты.
Отырыс барысында заңның мақсаты нотариат туралы заңнаманы жетілдіру, нотариат саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, нотариалдық әрекеттерді жасау кезінде заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтарға көрсетілетін нотариаттық қызмет сапасын жақсарту екені атап өтілді.
Құжат бірқатар жүйелі жаңашылдықты көздейді. Атап айтқанда, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін тікелей «Нотариат туралы» заңда бекіту, атқарушылық жазбаларды Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы нотариустар арасында автоматты түрде бөлу тетігін енгізу, сондай-ақ оларды тек борышкердің тіркелген жері бойынша жасау талабын белгілеу ұсынылады. Бұдан бөлек, заңнаманы бұзғаны үшін нотариустардың жауапкершілігі күшейтіліп, лицензияны тоқтата тұру және оның күшін жою негіздері кеңейтіледі.
Негізгі жаңалықтардың қатарында нотариаттық цифрлық архив құру да бар. Ол бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйенің бір бөлігіне айналып, нотариаттық құжаттарды электрондық форматта сақтау мен есепке алуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, нотариаттық әрекеттер кезінде мүдделер қақтығысының алдын алу шаралары қарастырылған, сондай-ақ нотариаттық қоғамдастықтағы басшылық лауазымдарды иелену мерзімі төрт жылмен шектеліп, бір рет қайта сайлану құқығы енгізіледі.
Жеке блоктағы түзетулер мемлекет кепілдік берген заңгерлік көмекті кеңейтуге бағытталған. Адвокаттар мен заң консультанттарына азаматтардың конституциялық іс жүргізу аясында олардың заңды мүдделерін қорғауға және өкілдік етуге мүмкіндік беру ұсынылады. Бұл азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну кезінде құқықтық қорғалуын күшейтуге жағдай жасайды.