Cемей31°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
485.4 550.69 6.41

Үрімшіде «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылды

Бүгін, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылды.

Кеңсенің ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, бұл бастама өңірдің инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге және Қытай инвесторларымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Осы алаңды ашуға жағдай жасап, ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен қытайлық серіктестерімізге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің Абай облысына деген ықыластарыңызды және нақты іскерлік ынтымақтастықты дамытуға дайындықтарыңызды жоғары бағалаймыз. Үрімші – біз үшін маңызды экономикалық және логистикалық орталық. Бұл кеңсенің ашылуы Абай облысында жобаларды іске асыруға мүдделі инвесторлармен, кәсіпкерлермен және компаниялармен тікелей әрі ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.

Жаңа ашылған кеңседе аймақ басшысы шет елдік инвесторлармен кездесіп, ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Абай облысы мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының арасында 250 шақырымнан астам мемлекеттік шекара бар. Екі ел арасындағы «Бақты» шекаралық өткізу пункті өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында Абай облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы 952 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға артты. Ал экспорт көлемі 842 миллион АҚШ долларына жетіп, 41 пайызға өсті.

Жаңа инвестициялық-сервистік кеңсе Абай облысында жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан қытайлық инвесторлар мен кәсіпкерлерге ақпараттық-консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Кеңсе әлеуетті инвесторлардың өтініштерін қабылдап, бастапқы талдау жүргізеді, жобалық материалдарды әзірлеуге жәрдемдеседі, іскерлік кездесулер ұйымдастырып, ұсыныстарды әрі қарай қарау үшін «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолдайды.

Айта кететін жәйт, кеңсе инвестициялық-сервистік алаң ретінде ғана жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының дипломатиялық, консулдық немесе өзге де ресми өкілдігі болып саналмайды. Кеңсе виза, рұқсат құжаттары немесе мемлекеттік қолдау шараларын рәсімдемейді және мұндай шешімдерді қабылдау құзыретіне ие емес. Негізгі міндеті – инвесторларға сапалы ақпарат ұсынып, Абай облысымен тиімді іскерлік байланыс орнатуға жағдай жасау.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив