Президенттің қолынан алғашқы офицерлік шен алған семейлік түлек туған қаласында қызметін бастады
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жас офицері, Семей қаласының тумасы Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алғашқы офицерлік шенін алып, ерекше жетістіктері үшін «аға лейтенант» әскери атағын мерзімінен бұрын иеленді. Қазіргі таңда ол туған қаласындағы Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінде офицерлік қызметін атқаруда.
Жас офицер 2001 жылдың 16 қыркүйегінде Семей қаласында дүниеге келген. Бала кезінен спортпен айналысып, ата-анасының тәлім-тәрбиесін көріп өсті. Мектепті тәмамдаған соң Рымбек Байсейітов атындағы Қаржы-экономикалық колледжіне оқуға түсіп, оны 2021 жылы аяқтады.
Оқуын аяқтағаннан кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін өз еркімен мерзімді әскери қызметке аттанып, Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қызмет етті. Дәл осы кезеңде әскери өмірдің мәнін терең түсініп, болашақ тағдырын офицерлік қызметпен байланыстыруға шешім қабылдады.
Осы мақсатына жету үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясына оқуға түсіп, төрт жыл бойы үздік нәтижелер көрсетті. Академияда бөлімше командирі қызметін атқарып, білімін жетілдіруге, кітап оқуға және спортпен тұрақты айналысуға ерекше көңіл бөлді.
– «Академияға түскен күннен бастап өзіме бір мақсат қойдым – алғашқы офицерлік шенді Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан алу. Төрт жылдық қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында бұл арманым орындалды», – дейді жас офицер.
Академияны қызыл дипломмен тәмамдаған түлекке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы офицерлік шенін табыстады. Сонымен қатар оқу мен қызметтегі жоғары жетістіктері үшін оған «аға лейтенант» әскери атағы мерзімінен бұрын берілді.
– «Бұл мен үшін өмірімдегі ең ерекше сәттердің бірі болды. Сол кезде қуанышпен қатар, халқым мен мемлекетім алдындағы зор жауапкершілікті сезіндім. Әскери қызмет – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қасиетті міндет», – дейді офицер.
Бүгінде жас аға лейтенант Семей қаласындағы Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінде қызмет атқаруда. Оның өмір жолы – мақсатқа адалдықтың, табанды еңбектің, сапалы білімнің және Отанға қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі.


