Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
485.4 550.69 6.41

Астанада шахматтан «Senat Open 2026» ІІІ ашық кубогының финалы өтті

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев шахматтан Палатаның ашық кубогы – «Senat Open» турнирінің финалдық кезеңінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Биыл «Senat Open» сайысының іріктеу кезеңдерінде еліміздің барлық өңірінен әртүрлі мамандық иелері мен түрлі жастағы 8 мыңнан астам әуесқой шахматшы бақ сынады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда шамамен үш есеге көп. Турнирге дәрігерлер, педагогтер, БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты.

Мәулен Әшімбаев финалға шыққан қатысушыларды құттықтай келе, аталған жарыс Қазақстанда шахматтың тек кәсіби спорт емес, бұқаралық интеллектуалды қозғалысқа айналып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті. Сондай-ақ ол мұндай турнирлер бұл ойын түрін өңірлерде дәріптеуге серпін беретін маңызды тетік екенін айтты. Палата Спикері аталған бағытты дамыту Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін де жеткізді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте шахматтың маңызы зор. «Senat Open» турнирі осы бағыттағы бастамаларды, жалпы шахматты кеңінен насихаттау үшін қолға алынды. Үш жыл ішінде сайыс айтарлықтай қалыптасып үлгерді. Биыл алғаш рет жарыс 1/8 финалдан бастап, бүгінгі шешуші бәсекеге дейін толық төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. Солтүстік, Оңтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс аймақтарда өткен бес жартылай финал еліміздің барлық өңірін қамтыды. Бүгінде бұл турнир жалпыұлттық қозғалысқа айналды деп айтуға толық негіз бар. Шахмат тақтасында кездейсоқ жеңіс болмайды. Мұнда стратегиялық ойлау, табандылық және бірнеше жүрісті алдын ала есептей білу шешуші рөл атқарады. Дәл осындай қасиеттер қазіргі таңда қоғамның барлық саласында қажет екені белгілі. Сондықтан бүгінгі «Senat Open 2026» турнирі елімізде шахмат қозғалысын одан әрі дамыту жолындағы маңызды оқиға болады деп сенемін», – деп, Мәулен Әшімбаев ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов үш жылдың ішінде «Senat Open» турнирі бұқаралық сипатқа ие болып, еліміздің шахмат экожүйесінде маңызды орын алғанын атап өтті.

«Senat Open»  турнирінің тарихы небәрі үш жылды құрағанымен, ол Қазақстанның біртұтас шахмат экожүйесінде өзіндік орны бар беделді додаға айналды. Жыл өткен сайын сайысқа қатысушылар саны тұрақты түрде артып келеді. Бұл – ешбір әсірелеусіз айтқанда, жарыстың шын мәнінде халықтық турнирге айналғанының ең айқын көрсеткіші. Биыл жарысқа 8 мыңнан астам адам қатысты. Турнирдің мұндай жетістігі кездейсоқ емес. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен шахматты дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді Тимур Турлов.

Айта кетейік, турнир төрт кезең бойынша, яғни 1/8 финалдан бастап шешуші партияларға дейін өткізілді. Жарысқа қатысушыларға қойылған негізгі талап – 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша классикалық шахмат, рапид және блиц түрлері бойынша Эло рейтингі 2000 ұпайдан төмен болуы.

1/8 финалдан кейін қатысушылар ширек финалда сынға түсіп, онда әр өңірдің үздік шахматшылары анықталды. Одан кейін аймақтық форматта өткен жартылай финалдар ұйымдастырылды. Әр жартылай финалдан финалдық кезеңге 53 қатысушы жолдама алды. Астанада өткен финалға оларға қоса мандат комиссиясының шешімімен Парламент депутаттары, республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері және мемлекет қайраткерлері қатысты. Финалда 10 санат бойынша жеңімпаздар анықталды.

Жарыс нәтижесінде өңірлік командалар арасындағы үздіктерге 20 кіші кубок табысталды. Ал, турнирдің ең үздік командасына «Senat Open 2026» бас кубогы тапсырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив