26.06.2026: Абай облысында ерекше датада 150-ге жуық жұп шаңырақ көтерді
2026 жылғы 26 маусым – сандардың ерекше үйлесімімен есте қалған күн. Осы символикалық датада Абай облысында 150-ге жуық жұп некесін заңдастырып, жаңа өмірге қадам басты.
Әдемі даталар дәстүрлі түрде жас жұбайлар арасында үлкен сұранысқа ие. Көптеген жұптар мұндай күндерді отбасылық өмірдің сәтті басталуының белгісі ретінде қабылдап, некелерін дәл осы күнге жоспарлайды.
Тіркелген некелер саны бойынша Семей қаласы көш бастады. 26.06.2026 күні облыс орталығында ең көп жаңа отбасы құрылып, салтанатты неке қию рәсімдері ерекше мерекелік көңіл күйде өтті. Сонымен қатар облыстың барлық қалалары мен аудандарында жас жұбайлардың қуанышты сәттері жақындарының ақ тілектерімен және шынайы эмоцияларымен өрбіді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалының директоры Жібек Жадринаның айтуынша, мұндай ерекше даталар АХАТ бөлімдеріндегі ең сұранысқа ие күндердің бірі болып саналады.
«Отбасын құру – әр адамның өміріндегі ең маңызды әрі жауапты қадамдардың бірі. Көптеген жастардың бұл сәтті есте қаларлықтай ерекше күнмен байланыстырғысы келетіні қуантады. Бүгін Абай облысында 150-ге жуық неке тіркелді. Әрбір неке – махаббатқа, үмітке және жарқын болашаққа бастайтын жаңа өмір жолы. Барлық жас отбасыларды осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймыз! Оларға бақыт, баянды махаббат, өзара сыйластық пен бақ-береке тілейміз», – деді Жібек Жадрина.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалы барлық жас жұбайларды отбасылық өмірлерінің басталуымен құттықтайды. 26.06.2026 күні олардың жүрегінде мәңгілік жарқын естелік болып сақталып, бүгін құрылған әрбір отбасы махаббатқа, береке мен өзара түсіністікке толы ғұмыр кешсін.