«Әділет» партиясында ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Іскерлік кеңес құрылды
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай көлік-логистика саласының өкілдерімен өткен кездесуде партия жанынан Іскерлік кеңес құрылғанын мәлімдеді. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, ірі компаниялардың және салалық қауымдастықтардың басшылары қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы айқындаған экономикалық өсімнің басым бағыттарының бірі – көлік-логистика саласын дамыту болды.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, ел экономикасының тұрақты дамуы мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығының тиімді әріптестігіне тікелей байланысты. Осыған орай құрылған Іскерлік кеңес кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты диалог алаңы болып, экономиканы дамытуға бағытталған ортақ ұсыныстар әзірлейді.
– «Біз үшін бизнес – тұтас экономиканың қозғаушы күші. Кәсіпкерлер жаңа өндірістер ашып, жұмыс орындарын құрады, бюджетке салық төлейді. Ал сол қаражаттың есебінен мектептер, ауруханалар мен жолдар салынып, өңірлердің тұрақты дамуына негіз қаланады», – деді партия төрағасы.
Кездесуде Қазақстанның Еуразиядағы ірі көлік-транзиттік хаб ретіндегі әлеуеті де сөз болды. Былтыр көлік саласы 20,4 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімдегі үлесі 6,1 пайызға жетсе, транзиттік тасымал көлемі 39 миллион тоннадан асты.
Айбек Дәдебайдың пікірінше, транзит бүгінде тек инфрақұрылым ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашатын, экспортты ұлғайтатын және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыратын дербес экономикалық бағытқа айналып келеді.
«Қазақстан Автокөлікшілер одағы» ЗТБ атқарушы директоры Мұрат Амрин көлік саласы заңнамалық бастамаларды бірлесіп әзірлеу және бизнес мәселелерін шешу бағытында партиямен тұрақты ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтты.
Кездесу барысында теміржол тарифтерін жетілдіру, инвестиция тарту, халықаралық автомобиль тасымалдарын, жүк авиациясын дамыту, саланы цифрландыру және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.
Партия төрағасы бизнесті дамытудағы басты міндеттердің бірі – еңбек ұжымдарының, инженерлік кадрлардың және мамандардың мүддесін ескеру екенін атап өтті.
– «Мемлекет базалық инфрақұрылымды дамытып, тиімді ережелер қалыптастыруы тиіс. Ал бизнес инвестиция салып, сапалы қызмет ұсынып, жүк ағындары үшін бәсекеге қабілетті болуы қажет», – деді Айбек Дәдебай.
Іскерлік кеңестің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін экономиканың әртүрлі салаларын ұсынатын жеті тең төраға сайланды. Олардың қатарында Андрей Лаврентьев, Бағдат Мусин, Геннадий Зенченко, Рустам Жүрсінов, Айжан Балакешова, Инна Апенко және Шахмұрат Мүтәліп бар.
Кездесу қорытындысында Айбек Дәдебай Іскерлік кеңес кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканың түрлі салалары бойынша ұсыныстар әзірлеуге және мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған тұрақты жұмыс алаңы болатынын атап өтті.