Жасанды интеллект Екібастұз ГРЭС-1 жұмысын тәулік бойы бақылауда
2026 жылды Мемлекет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі энергетика саласын цифрлық трансформациялау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Салалық компаниялармен бірлесіп заманауи цифрлық технологиялар енгізіліп, өндірістік процестер автоматтандырылып, интеллектуалды басқару жүйелері дамытылуда.
Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 станциясында жасанды интеллект технологияларын қолданатын 200-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Жүйе өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға бағытталған.
Интеллектуалды жүйе өндірістік нысандарды нақты уақыт режимінде бақылап, түрлі бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Арнайы жасанды интеллект платформасы тұлғаны тану, жылдамдық режимін бақылау, оқиғалар журналын жүргізу, талдамалық есептер мен графиктер қалыптастыру мүмкіндіктерін қамтиды. Кешен құрамына бұзушылықтар мен штаттан тыс жағдайлар туралы қызметкерлерді жедел хабардар етуге мүмкіндік беретін заманауи байланыс және құлақтандыру жүйесі де енгізілген. Қолмен басқару режимінен бөлек, жүйе белгілі бір оқиғаларды анықтаған кезде ескерту хабарламаларын автоматты түрде іске қосатын сценарийлер де қарастырылған.
Жауапты қызметкерлердің жедел өзара іс-қимылы үшін корпоративтік Telegram-арна құрылды. Қандай да бір бұзушылық анықталған жағдайда жүйе оқиғаның сипаты, анықталған орны, камера нөмірі, тіркелген күні мен уақыты көрсетілген хабарламаны автоматты түрде жібереді. Жүйеге диспетчерлік қызметтің ауысым бастықтарын қоса алғанда, басшылар мен жауапты қызметкерлер қосылған.
Жүйенің жұмысы тәулік бойы бақыланады. Бейнеағындарды бақылау және талдау үшін бейнеқабырғалармен жабдықталған операторлық бекеттер ұйымдастырылған. Бейнежазбалар серверлік жабдықта сақталады, бұл қажет болған жағдайда оқиғаларды жан-жақты талдауға мүмкіндік береді.
Қосымша бақылау деңгейін бейнежазба жүргізу және онлайн-трансляция функцияларымен жабдықталған ақылды каскалар қамтамасыз етеді. Бұл құрылғылар бірінші тұлға атынан бейнежазбаны нақты уақыт режимінде жеткізеді, ал жасанды интеллект технологиялары жұмыс барысында орын алып жатқан жағдайларды бірден талдауға мүмкіндік береді.
Станцияның бүкіл аумағында деректердің тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін 10 Wi-Fi кіру нүктесінен тұратын желі іске қосылды. Бұл цифрлық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – оны пайдалану барысында үздіксіз жетілдіру мүмкіндігі. Операторлар алгоритмдердің жұмыс нәтижелерін талдап, дұрыс анықталған оқиғаларды растап, жалған хабарламаларды алып тастайды. Бұл алгоритмдердің дәлдігін тұрақты түрде арттырып, жалпы жүйенің тиімділігін күшейтуге, соның нәтижесінде кәсіпорындағы қауіпсіздік пен бақылау деңгейін одан әрі жоғарылатуға мүмкіндік береді.