Түркістанда Apple Store қағидаты бойынша жаңа форматтағы ХҚКО ашылды
Түркістан қаласында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға бағытталған жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО өз жұмысын бастады. Заманауи орталық азаматтардың мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы, жылдам әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысты.
Цифрлық ХҚКО мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға және цифрлық дағдыларды дамытуға арналған заманауи кеңістік. Smart Point концепциясы мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, яғни азаматтар тек қызмет алып қана қоймай, мемлекеттік цифрлық сервистерді өз бетінше пайдаланып, қажеттілігіне қарай мамандардан кеңес ала алады.
Smart Point цифрлық ХҚКО бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта азаматтар құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді өздігінен рәсімдей алады, сондай-ақ арнайы ақпараттық экрандар арқылы AlemGPT сервисінің мүмкіндіктерімен танысады. Цифрлық аймақ мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу және құжаттармен онлайн форматта жұмыс істеу үшін моноблоктармен және жоғары жылдамдықты сканерлермен жабдықталған. Сараптамалық аймақта келушілер күрделі мәселелер бойынша мамандардың кеңесін ала алады. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты арттыруға және жаңа электрондық сервистерді меңгеруге арналған оқыту және ақпараттандыру аймақтары қарастырылған. Ал жайлы демалыс аймағында келушілер үшін қолайлы жағдай жасалған.
Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін заманауи сервистік инфрақұрылымды дамыту мен қолайлы цифрлық ортаны қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды.
Айта кетейік, Smart Point цифрлық ХҚКО форматын алғаш болып енгізген өңір – Ұлытау облысы. Орталық 2026 жылғы 4 маусымда ашылды.