Биыл әскери міндеттілерден үш мың адам оқу-жаттығу жиындарына шақырылады
Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес осы жылы жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті тартылады
Аталған іс-шаралар резервтегілердің даярлық деңгейін жетілдіру, практикалық дағдыларды жаңарту, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру, сондай-ақ Қарулы күштерді жұмылдырудың дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.
Қатысушыларды іріктеу жергілікті әскери басқару органдары тарапынан армияның нақты әскери-есептік мамандықтары бойынша қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар ескеріледі.
Азаматтар арнайы шақырту негізінде шақырылады. Оны алған тұлғалар көрсетілген орынға белгіленген мерзімде келуге міндетті. Келмеген жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Заңнамаға сәйкес, бұл іс-шараларға тартылмайтын азаматтар санаты айқындалған. Олардың қатарында оқу жылы кезеңіндегі педагогтар, күндізгі бөлімде білім алушылар, кәмелетке толмаған үш және одан да көп баласы бар ата-аналар, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңында көзделген өзге де санаттар бар.
Дайындық мерзімі бір айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында қатысушылар азық-түлікпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жаттығу өтетін орынға бару және кері қайту Қорғаныс министрлігінің есебінен ұйымдастырылады.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Азаматтардың жұмыс орны мен атқарған қызметі сақталады. Жұмыс істейтіндерге заңнамаға сәйкес орташа жалақы төленеді, ал жұмыссыз азаматтарға бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы беріледі. Жиын уақыты жалпы еңбек өтіліне есептеліп жазылады.
Жоспарлы оқу-жаттығу жиындары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес өткізіледі және елдің жұмылдыру резервін даярлаудың маңызды бөлігі болып табылады.