Қазақстанда кондитерлік өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды: жобаға нарық көшбасшылары қосылды
2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда кондитерлік өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды. Жоба 2027 жылғы 1 маусымға дейін жалғасады. Бұл елде іске асырылып жатқан тауарлардың цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету саясаты аясындағы кезекті қадам. Оның мақсаты нарықты контрафактілік өнімдерден қорғау және жеткізу тізбектерінің ашықтығын арттыру.
Жобаға саладағы жетекші компаниялар қосылып үлгерді. Отандық өндірушілер қатарында «Баян Сұлу» ЖШС және «Лотте Рахат» ЖШС бар. Импорттаушылар қатарында «Марс Казахстан» ЖШС, «Ферреро Казахстан» ЖШС, «Мон’дэлис Казахстан» ЖШС және «Нестле Фуд Казахстан» ЖШС қатысуда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне сәйкес, «Баян Сұлу» мен «Рахат» отандық кондитерлік өнім өндірісінің шамамен 50%-ын, ал импортты қоса есептегенде жалпы нарықтың шамамен 30%-ын қамтиды. Бұл пилоттық жобаның барынша репрезентативті болуына және саладағы негізгі ойыншылардың қатысуына мүмкіндік береді.
ЕАЭО келісіміне сәйкес, таңбалауға кондитерлік өнімдердің негізгі санаттары жатады. Олардың қатарында қантты кондитерлік өнімдер, шоколад және шоколад өнімдері, печенье, вафли, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, мармелад, джемдер, жеміс және жаңғақ пасталары, сондай-ақ өнімнің басқа да түрлері бар.
Пилоттық кезең техникалық және ұйымдастырушылық тәуекелдерді анықтауға, бизнес-процестерді жетілдіру қажеттілігін бағалауға және нормативтік базаны одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстар қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінің функционалын тегін сынақтан өткізуге, таңбалау құралын өндірістік және логистикалық процестермен интеграциялауды пысықтауға, сондай-ақ өнімге кодтарды түсірудің түрлі тәсілдерін сынап көруге мүмкіндік алады.
Цифрлық таңбалау тұтынушыларды контрафактілік және заңсыз өнімдерден қорғауға, жеткізілімдердің ашықтығын арттыруға, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге және саланың дамуына жағдай жасауға бағытталған. Міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім пилоттық жобаның қорытындысы бойынша, оның нәтижелері мен нарық қатысушыларының ұсыныстары ескеріле отырып қабылданады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда міндетті таңбалау аяқ киімге, темекі өнімдеріне, дәрілік заттарға, сыраға, мотор майына және киік мүйіздеріне қатысты қолданылып келеді. Биылғы қыркүйекте биологиялық белсенді қоспаларды, ал желтоқсанда жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу жоспарланып отыр. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған газды және ағаш материалдарын таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. Сонымен қатар өсімдік майын, тұрмыстық химия тауарлары мен косметиканы таңбалау сынақтан өтуде.
Пилоттық жобаға қосылу үшін өндірушілер, импорттаушылар және тауар айналымының басқа да қатысушылары Бірыңғай тауарларды таңбалау мен қадағалау операторына info@digitaleconomy.kz электрондық мекенжайы арқылы өтінім жолдауы қажет.