Сержант – сенім мен жауапкершіліктің тірегі
1 шілде – Сержанттар күні қарсаңында Семей қаласы әскери госпиталінің қабылдау бөлімінде аға маман медбике қызметін атқаратын кіші сержант Қарлығаш Ақанова әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Қарлығаш Ақанова жұбайымен бірге әскери салада 18 жылға жуық абыройлы қызмет атқарып келеді. Көпбалалы ана ретінде отбасы мен әскери міндетті қатар алып жүрген ол өз ісіне адалдығымен және жауапкершілігімен ерекшеленеді.
Бүгінде әскери госпиталь сержанттарының басты міндеті – әскери қызметшілерге сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсету. Оның айтуынша, медицина саласындағы қызметпен қатар әскери даярлық та үнемі назардан тыс қалмайды.
Кәсіби мереке қарсаңында ол Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық сержанттарын Сержанттар күнімен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық және ел игілігі жолындағы қызметтеріне толағай жетістіктер тіледі.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі



