Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
485.82 554.03 6.24

Мемлекеттік тіл – менің азаматтық жауапкершілігім

11-06-2026, 14:37 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы мен болашағы – мені әрдайым толғандыратын маңызды мәселелердің бірі. Себебі тіл – ұлттың рухани тұғыры, мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен бірегейлігінің басты белгісі. Сондықтан өз ана тілімнің тағдырына бейжай қарамаймын және мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін көтеруге әр азаматтың қосар үлесі болуы тиіс деп есептеймін.

Күнделікті өмірде қоғамдық орындарда, көшелерде, мекемелерде немесе түрлі ақпараттық кеңістікте жүрген кезде мемлекеттік тілде жазылған мәтіндерге, жарнамаларға, маңдайшаларға, көрнекі ақпараттарға үнемі назар аударамын. Егер қазақ тіліндегі мәтіндерде орфографиялық, грамматикалық немесе аударма қателері кездессе, оны елемей өтіп кетпеймін. Керісінше, мәселені тиісті мекемелерге жеткізіп, оны түзетуге өз үлесімді қосуға тырысамын.

Осындай жағдайлар өмірімде бірнеше рет орын алды және олардың нақты нәтижесін де көрдім. Соның бір мысалы – Семей қаласындағы Baby Tour туристік агенттігінің сыртқы жарнамасы. Мемлекеттік тілдегі мәтінде көптеген аударма және тілдік қателіктер болды. Алдымен агенттік әкімшілігіне бұл мәселені түсіндіріп, кейін «Абай Ақпарат» редакциясының ресми парақшасы арқылы көпшілік назарын аудардым. Нәтижесінде мекеме қателіктерді түзетіп, мемлекеттік тілдегі жаңа әрі сауатты мәтінмен безендірілген маңдайшаны орнатты. Бұл – азаматтық белсенділіктің нақты нәтижесінің бір көрінісі.

Мұндай мысалдар мұнымен ғана шектелмейді. 2GIS және Google Maps платформаларында да қазақ тіліндегі атаулар мен аудармаларда көптеген қателіктер кездескен болатын. Бұл мәселелер бойынша да жауапты мемлекеттік органдарға және салалық басқармаларға бірнеше мәрте хабарласып, кемшіліктерді түзету жөнінде ұсыныстарымды жеткіздім. Соның нәтижесінде бірқатар қателіктер түзетіліп, мемлекеттік тілдегі ақпараттың сапасы жақсарды.

Сонымен қатар мемлекеттік тіл саясаты тек тілдік сауаттылықпен ғана шектелмейді. Ол тарихи жадымызды жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және идеологиялық кеңістікті жаңарту мәселелерімен де тығыз байланысты. Осы бағытта да өз азаматтық ұстанымымды білдіріп келемін.

Соның бірі – Семей қаласындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген «Интернациональная» көшесінің атауын көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың есімімен атау жөніндегі ұсынысым болды. Бұл мәселе 2016 жылы көтеріліп, қалалық мәдениет бөлімі ұсыныстың облыстық ономастика комиссиясында қаралып, қолдау тапқанын ресми түрде хабарлаған еді. Бұл да тарихи әділдікті қалпына келтіруге бағытталған азаматтық бастамалардың бірі деп санаймын.

Шын мәнінде, осындай көзге көп байқала бермейтін жұмыстар аз емес. Көп жағдайда оларды әлеуметтік желілерде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, көпшілікке көрсетуді мақсат етпеймін. Себебі мен үшін ең бастысы – атқарылған істің нәтижесі. Егер мемлекеттік тілдегі бір қате түзетілсе, бір көшенің тарихи атауы қалпына келсе немесе бір мекеменің қазақ тіліндегі қызмет көрсету сапасы жақсарса, бұл – еліміздің рухани дамуына қосылған нақты үлес деп есептеймін.

Менің ойымша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Тілге жанашырлық үлкен мінберлерде айтылатын ұранмен емес, күнделікті өмірдегі нақты істермен өлшенеді. Әрбір дұрыс жазылған маңдайша, сауатты аударылған ақпарат, тарихи әділдікке негізделген көше атауы – мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін арттыратын маңызды қадамдар.

Сондықтан алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, тілдік сауаттылықты арттыруға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жұмыстарға өз үлесімді қоса беремін. Өйткені мемлекеттік тілдің болашағы – Қазақстанның болашағы, ал оның мәртебесін көтеру – әрбір саналы азаматтың азаматтық парызы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив