Алакөлде полиция жағалауда жоғалған баланы дер кезінде тапты
Алакөл жағалауында полиция қызметкерлері бір сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде адасып кеткен сегіз жасар баланы тауып, анасына аман-есен табыстады.
Демалыс кезінде бала анасына жағалауда қалып қойған аяқ киімін алып келетінін айтып, өздігінен кетіп қалған. Алайда арада біраз уақыт өтсе де қайтып оралмаған. Бағдарынан жаңылған ол басқа елдімекенге қарай кетіп қалған.
Абырой болғанда, жолай оған бейжай қарамаған азаматтар кездескен. Олар баланы сабырға шақырып, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Осы уақытта тәртіп сақшылары жоғалған баланы іздеуді бастап, барлық патрульдік жасақтарға жедел бағдарлама жіберген болатын.
Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде көп ұзамай бала табылып, анасына аман-есен жеткізілді. Ең бастысы — оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнген жоқ.
Жетісу облысы полиция департаменті ата-аналарды балаларын көпшілік демалатын орындарда қараусыз қалдырмауға шақырады. Кейде бірнеше минуттың өзі қауіпті жағдайға себеп болуы мүмкін. Егер балаңыздың жоғалғанын байқасаңыз, уақыт оздырмай полицияға хабарласыңыз.