Мемлекет басшысы: 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында құрылыс, ауыз сумен қамту, агроөнеркәсіп және фармацевтика салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеме жасады.
— Елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданды. Стратегиялық маңызы айрықша салаларды ретке келтіру үшін қабылданған құжаттардың маңызы зор. Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да — тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже — мыңдаған отбасы баспаналы болды, — деді Президент.
Оның мәлімдеуінше, қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық беріліп келеді. Биыл шалғай елді мекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады.
Сонымен бірге, мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартылды.
— Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен «ұзақмерзімді» қаражат алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қадам ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ықпал еткені сөзсіз. Осындай шаралардың арқасында агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жалпы өнім құны шамамен 10 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл — соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Озық технологиялар саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, отандық фармацевтика бағытында біраз жетістіктеріміз бар. Фармацевтика индустриясына сенім деңгейі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай бағаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беріп отыр. Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды. Алайда, бұған мәз болып отыра беруге болмайды, алдымызда тұрған міндет аз емес, қойылған мақсаттарға міндетті түрде жетуіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тағыда оқыңыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына ЖолдауыҚасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»