Абай облысында радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру мәселесі талқыланды
Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру жөніндегі жұмыстар аясында және облыс әкімі Берік Уәлидің өңірлік ғылымды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Семей медицина университетінде «Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру тұжырымдамасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға облыс әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы, Семей медицина университеті, Shakarim University, Alikhan Bokeikhan University, Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, Ядролық медицина және онкология орталығының өкілдері қатысты.
Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру ғылым, денсаулық сақтау, білім беру салаларының әлеуетін біріктіруге бағытталған. Бұл өзекті қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге, олардың нәтижелерін клиникалық тәжірибеге жедел енгізуге, жоғары технологиялық медицинаны дамытуға, сондай-ақ, облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар тұжырымдама жобасын талқылай отырып, кластер қызметінің басым бағыттары ретінде радиациялық, ядролық және цифрлық медицина, онкология, медициналық генетика және радиоэкология салаларындағы жоғары технологиялық шешімдерді қолдануды айқындады.
Қабылданған тұжырымдама негізінде барлық мүдделі тараптар радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру туралы меморандумға қол қояды.



