Cемей33°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
480.72 548.07 6.14

Шалқар Байбеков: «Жаңа Конституция – халық таңдауының нәтижесі»

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуіне орай Абай облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Шалқар Байбеков жаңа Ата заңның ел дамуындағы тарихи маңызына тоқталды.

Ол жаңа Конституцияның қабылдануы Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы ең маңызды тарихи шешімдердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, еліміздің ұзақ мерзімді дамуының құқықтық негізін айқындады.

«Мен Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде бұл үдеріске алғашқы күннен бастап қатыстым. Абай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Кәрібекұлымен бірге өңір атынан комиссия құрамында жұмыс істеп, Конституция жобасын талқылауға, ұсыныстарды саралауға және тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалыстық. Комиссия жұмысы ашық форматта өтті. Азаматтардан келіп түскен мыңдаған ұсыныстың әрқайсысы мұқият қаралды. Бұл жаңа Конституцияның халықтың ерік-жігері мен сұранысына негізделген құжат екенін айқын көрсетті. Кейін бұл бастаманы бүкілхалықтық референдум қолдады», – деді Шалқар Байбеков.

Оның сөзінше, бүгін жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен Қазақстан мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа өзгерістер тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыруға, заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және өңірлердің тұрақты дамуына тың серпін береді.

«Ендігі басты міндет – Конституцияда белгіленген қағидаттарды іс жүзінде толық жүзеге асыру. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Сонда ғана жаңа Конституция өзінің басты мақсатына жетіп, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы берік құқықтық негізге айналады», – деп қорытындылады Шалқар Байбеков.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив