Конституция – халықтың құжаты және әділетті мемлекеттің негізі
1 шілде – мемлекет дамуының тарихи маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл туралы Әлихан Бөкейхан университетінің Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, қоғам белсендісі Айрат Базенов өз пікірін білдірді.
Айрат Базеновтің айтуынша, мемлекеттердің даму бағытын тек экономикалық реформалар немесе саяси оқиғалар ғана емес, ең алдымен конституциялық таңдаулар айқындайды.
Оның пікірінше, 1 шілде – жаңа құқықтық нормалардың күшіне ену күні ғана емес, әділетті мемлекеттілік идеясына негізделген ел дамуының жаңа кезеңі. Сонымен қатар бұл – халықтың референдум арқылы білдірген еркінің нақты құқықтық күшке айналған тарихи сәті.
Сондай-ақ ол Конституцияның басты ерекшелігіне тоқталып, оның халықтың еркін білдіретін негізгі құжат екенін атап өтті.
Айрат Базенов әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесінде Конституция тұрақты экономикаға, сапалы білімге, әділ сотқа және қоғамдағы сенімнің нығаюына жол ашатынын айтты.
Сонымен бірге ол Конституцияның тиімділігі оны жүзеге асыратын адамдарға байланысты екенін ерекше атап өтті.