Абай облысында туристік маусымның өту барысы қаралды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдегі туристік маусымның өту барысы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының жарты жылдық жұмыс қорытындысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша туризм басқармасының басшысы Бекжан Бапышев пен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров баяндады.
Абай облысында негізгі туристік дестинациялар – Алакөл көлі, Шипалы көлі, Шүлбі су қоймасы және Семей қаласының жағажайларында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.
Алакөл туристік маусымда тәулігіне 30 мыңға дейін демалушыны қабылдайды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 224 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, мобильді байланыс сапасын жақсарту үшін 2 антенна-діңгек орнатылды. Былтыр жағалаудағы 5 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті. Биыл осындай көлемдегі жолға асфальт төселді.
Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жағалауда 25 санитарлық торап, 35 душ кабинасы және 40 киім ауыстыру кабинасы орнатылды. Жағалау ұзындығы 5 мың метр болатын буйлармен қоршалып, пирстер мен толқын бәсеңдеткіш құрылыстары салынды.
Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Төтенше жағдайлар департаментінің 20 құтқарушысы, 10 ерікті құтқарушы және 54 полиция қызметкері тәулік бойы жұмылдырылған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі басқа да туристік орындарға назар аударылып, ондағы өзекті мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді.
Шүлбі су қоймасы жағалауында қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып, санитарлық тораптар, қоқыс контейнерлері және киім ауыстыру кабиналары орнатылды. Маусым кезінде жұмыс күндері мұнда күніне 500-1000, ал демалыс күндері 2-4 мың адам демалады.
Бесқарағай ауданындағы Шипалы көлінде инженерлік және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасуда. Қазіргі таңда ұзындығы 19,8 шақырым электр желісін тарту, сумен жабдықтау және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жұмысы басталды. Маусым кезінде Шипалы көліне тәулігіне 5-10 мың адам келеді.
Семей қаласындағы «Заря», «Затон» және «Пристань» жағажайларында абаттандыру жүргізіліп, құтқару мұнаралары, медициналық пункттер, күзет бекеттері, санитарлық нысандар және демалыс инфрақұрылымы орнатылды. Демалыс күндері бұл жағажайларға 3-5 мың адамға дейін келеді.
Туристерге ақпараттық қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында «Visit Abai» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, өңірдің туристік әлеуетін насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұдан бөлек туристерге толық ақпарат ұсынатын «Abai Travel» мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр.
Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен аудан, қала әкімдеріне туристік маусым кезеңінде демалыс орындарында қоғамдық қауіпсіздікті, санитариялық тазалықты және көрсетілетін қызметтердің сапасын тұрақты бақылауды, туристік инфрақұрылымды дамытуды, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мәліметінше, құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау жұмыстары жүйелі жүргізіліп, өз нәтижесін беріп келеді. Биыл облыс бойынша 310 нысанға мониторинг жүргізу жоспарланған, бүгінгі күнге дейін оның 136-сы қамтылған. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті нұсқама беріліп, оларды жою жұмысы жалғасуда. Құрылыс нысандарының заңдылығы мен сапасына бақылау күшейтіліп, анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Облыс әкімі мониторинг барысында анықталған заң бұзушылықтарды толық жоюды, сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру жұмыстарын жеделдетуді жүктеді.










