Әскерге көктемгі шақыру аяқталды, күзгі науқанға дайындық басталды
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес еліміздің барлық өңірінде 18-27 жас аралығындағы азаматтарды 2026 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны толық аяқталды.
Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Мейірхат Саябаевтың айтуынша, көктемгі шақыру науқаны белгіленген жоспарға сай ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Оның айтуынша, мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары биыл күзде де жалғасады. Күзгі шақыру науқаны қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін жүргізіледі.
Жоспарға сәйкес, күзгі мерзімді әскери қызметке Абай облысынан 700-ден астам азамат аттанбақ. Олар медициналық тексеруден өтіп, кәсіби-психологиялық іріктеуден кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен басқа да әскерлері және әскери құралымдарына жіберіледі.
Мерзімді әскери қызмет – әрбір азаматтың Отан алдындағы конституциялық борышы. Әскер қатарында жас сарбаздар әскери даярлықтан өтіп қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке, патриоттық рухқа тәрбиеленіп, өмірлік тәжірибе жинақтайды.
Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әскерге шақыруға жататын азаматтар мен олардың ата-аналары шақыру қағаздарын алғаннан кейін жергілікті қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге уақытылы келуі қажет.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі



