Абай облысында 10 инвестициялық жоба мақұлданды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиында Мақаншы ауданында «құрғақ порт» салу, 10 мың гектар алқапта күнбағыс дақылын өсіру, Семей қаласында жүктерді қоймалау және сақтау, «KFF Arena» футбол манежін және отбасылық-спорттық кешенін, медициналық клиника, қойма кешенін (логистикалық орталық), қуаттылығы 40 мың тоннаны құрайтын аралас типтегі астық элеваторын, жол бойындағы туристік кешенін, Көкпекті ауданында 200 сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын, Аягөз ауданында тау-кен өндіру өнеркәсібіне арналған химиялық реагенттерді сақтау және жөнелту бойынша қойма кешенін салу жобалары таныстырылды.
Кеңес қорытындысында жалпы сомасы 57,7 млрд теңгені құрайтын, 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 10 инвестициялық жоба мақұлданды.
Аймақ басшысы бұл жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізетінін атап өтті.
Өңірдегі инвестиция тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайды. Жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артты. Облыста бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында құны 577,5 миллиард теңгені құрайтын «Аягөз– Бақты» теміржол желісінің құрылысы бар. Сонымен қатар Семей қаласында құны 714 миллиард теңге болатын жаңа жылу электр орталығы мен инвестиция көлемі 255 миллиард теңгені құрайтын тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.










