Құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді
Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Биыл 1 шілдеден бастап «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа Заң күшіне енді. Құжат аясында қоғамдық көмекшілер институты енгізілді. Осы бағытта алғашқы қоғамдық көмекші ретінде «ЛУЧ» оңалту орталығы тартылып, лудоманияның алдын алу және ойынқұмарлыққа бейім азаматтарды ерте анықтау бойынша бірлескен жұмыс басталды.
Департамент интернет кеңістігіндегі заңсыз контентпен күреске де ерекше көңіл бөледі. Бүгінге дейін 2 700-ден астам заңсыз интернет-сілтеме бұғатталған. Сонымен қатар жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жоғары оқу орындары, колледждер мен балалар лагерлерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Брифинг барысында құрылыс саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары да айтылды. Талдау нәтижесінде 84 құрылыс нысаны бойынша рұқсат құжаттарының жоқтығы немесе толық рәсімделмегені анықталған. 31 нысан бойынша сотқа талап-арыз жолданып, 11 тұрғын үй кешеніне қатысты бұзу туралы сот шешімі заңды күшіне енді.
Сонымен қатар мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстар саласындағы жүйелі тәуекелдерді жою бойынша ұсыныстар енгізілген. Қазіргі таңда балаларды қайталап тіркеуге жол бермеу және бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай цифрлық платформа пилоттық режимде бес өңірде енгізілуде.