Cемей25°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
465.74 537.23 5.62

Ғылым министрі Корея Республикасының жетекші университеттерімен ынтымақтастықты кеңейту әлеуетін талқылады

Кеше, 18:19 018.kz

Бүгін Сеул қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сеул ұлттық университетінің Бундандағы госпиталінің президенті әрі бас директоры, профессор Чон Ён Тхэмен кездесті.

Кездесуде жоғары білім, ғылым және медициналық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары, академиялық алмасуды дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және жоғары білікті мамандар даярлау мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ медицина және медициналық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, ғылыми жобаларды дамытуға, тәжірибе алмасуға және академиялық ұтқырлықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Министр өз сөзінде Сеул ұлттық университетінің қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдармен академиялық алмасу, ғылыми-зерттеу жұмыстары және білім беру бағдарламаларын іске асыру бағыттарында ынтымақтастық орнатқанын атап өтті. Атап айтқанда, университет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен және Nazarbayev University-мен өзара байланыс орнатқан. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына медициналық, инженерлік және ақпараттық технологиялар, сондай-ақ корейтану салалары жатады.

Сеул ұлттық университеті (SNU) – Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының және ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі, сондай-ақ елдегі алғашқы ұлттық университет. Университет 1946 жылы он мемлекеттік және жекеменшік оқу орнының бірігуі нәтижесінде құрылған.

SNU халықаралық университеттер рейтингтерінде тұрақты түрде жоғары орындардан көрініп келеді және қуатты ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына ие. Университет құрамында бакалавриат деңгейінде білім беретін 15 колледж (факультет), Бас жоғары мектеп және 12 мамандандырылған кәсіби жоғары мектеп бар. Ғылыми-зерттеу базасы 70-тен астам институт пен орталықты қамтиды.

Университет экожүйесінің маңызды бөлігі – клиникалық қызмет пен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұштастыратын Сеул ұлттық университетінің медициналық орталығы.

Министр сондай-ақ Korea University президенті Ким Дон Вонмен кездесті. Корё университеті – Корея Республикасының ең көне әрі беделді жекеменшік зерттеу университеттерінің бірі. Кездесу барысында Саясат Нұрбек университеттің инфрақұрылымымен және кампусымен танысты.

Korea University 1905 жылы құрылған және бүгінде елдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналады. Университет құрамында бакалавриат деңгейінде білім беретін 17 колледж (факультет) және 24 жоғары мектеп бар. Университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына 130-дан астам институт пен орталық кіреді. Сондай-ақ университет құрамында, оның ішінде Корё университетінің медициналық орталығы бар көп салалы медициналық мекемелер жұмыс істейді.

Кездесуде жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық алмасуды кеңейту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру және кадр даярлаудың басым бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.

Корё университеті қазақстандық жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен және KIMEP университетімен ынтымақтастық орнатқан. Өзара іс-қимыл академиялық алмасу, ғылыми зерттеулер, корейтану, халықаралық қатынастар, бизнес және жоғары технологиялар бағыттарын қамтиды.

Бұл кездесулер Қазақстанның жоғары білім және ғылыми ұйымдардың Корея Республикасының жетекші университеттерімен халықаралық серіктестігін кеңейту жөніндегі жұмыстың жалғасы болды. Мұндай ынтымақтастық академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, білім мен технологиялар трансферін жүзеге асыруға, сондай-ақ болашағы зор бағыттар бойынша мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив