Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.88 534.64 5.47

Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік құқықтық негізі

1-07-2026, 14:37 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай жасаған үндеуі – ел өміріндегі тарихи кезеңнің маңызын айқындайтын мазмұнды саяси мәлімдеме. Президент өз сөзінде жаңа Конституцияны мемлекеттің саяси жаңғыруы мен қоғамдық дамуының берік құқықтық негізі ретінде бағалап, Қазақстанның алдағы даму бағытына қатысты негізгі басымдықтарды атап өтті.

Үндеудің басты ерекшелігі – Конституциялық реформаның мәнін тек саяси өзгерістер аясында емес, қоғамның күнделікті өмірімен және азаматтардың болашағымен байланыстыра қарастыруында. Мемлекет басшысы жаңа Ата заңның қабылдануын тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы ретінде бағалап, саяси-экономикалық реформаларды жалғастыруға, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарын жаңғыртуға басымдық берді. Бұл – елдің тұрақты дамуы мен басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Президенттің 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумға берген бағасы да ерекше мәнге ие. Референдумды халықтың ел тағдырына тікелей қатысуының көрінісі ретінде көрсетуі азаматтардың саяси жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Мұндай қоғамдық қатысу мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімнің нығаюына және демократиялық институттардың орнығуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Үндеуде Конституция күнінің «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтуінің символдық мағынасына да орынды мән берілген. Бұл шешім ұлттық жаңғыру, бірлік, ынтымақ, еңбекқорлық және ел игілігі секілді құндылықтарды құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарымен сабақтастыра түседі. Яғни, Конституция тек құқықтық құжат ретінде ғана емес, қоғамның ортақ құндылықтары мен мақсаттарын біріктіретін маңызды негіз ретінде сипатталады.

Президент атап өткен «Заң мен Тәртіп», «Еңбексүйгіштік пен Өрлеу», «Тазалық пен Табиғатты аялау» құндылықтары қазіргі Қазақстан қоғамы үшін аса өзекті. Әсіресе заң үстемдігін қамтамасыз ету, адал еңбекке құрмет қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелері мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының маңызды шарттары болып табылады. Бұл құндылықтардың қоғам санасына орнығуы азаматтық жауапкершілікті күшейтіп, елдің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының үндеуі – жаңа Конституцияның тарихи және қоғамдық маңызын айқындайтын, халықты ортақ мақсаттарға жұмылдыратын оң мазмұндағы саяси үндеу. Оның негізгі идеясы – заң үстемдігіне сүйенген, азаматтарына тең мүмкіндік беретін, бірлігі бекем әрі болашаққа сеніммен қарайтын Әділетті Қазақстан құру.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, Ата заңда белгіленген қағидаттар мен құндылықтар нақты өмірде жүзеге асып, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуі тиіс.

Сондықтан Мемлекет басшысының «бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындыру» жөніндегі сенімі – елдің болашағына деген оң көзқарастың көрінісі. Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі Қазақстанның саяси жаңғыруын тереңдетіп қана қоймай, қоғамды ортақ мақсат пен жауапкершілік төңірегіне топтастыратын маңызды тарихи белес ретінде бағалануға лайық.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив